Қарағанды облысында екі жігіт құпия жағдайда жоғалып кетті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысына қарасты Абай қаласында бір дәмханадан шыққан екі ер адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Әскери қызметші Темірлан Жұмабеков 16 ақпан күні Абай қаласындағы «Визит» дәмханасынан шыққан қалпы, үйіне оралмаған. Алайда, 22 жастағы Темірланның сырт киімі сол дәмхананың киім ілгішінде қалды. Темірлан сол күні сұр түсті бас киім, күрте мен көк түсті джинсы киіп жүрген.

«Жігіттің жоғалғаны туралы өтініш 19 ақпанда қабылданды. Өтініш Абай аудандық ішкі істер департаментінде тіркелді. Қазір іздеу шаралары жүріп жатыр»,-деп хабарлады Қарағанды облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.

Темірланды көріп-білгендер үшін хабарласуға арналған телефонның бірі әскери бөлімдікі екен. Алайда, әскери бөлім өкілдерінің хабарлауынша, Темірлан келісімшарт бойынша жұмыс істеген, тек жоғаларының алдында, біраз уақыт бұрын, жұмысынан босатылған. Әскери бөлім қызметкерлерінің хабарлауынша, бұрынғы қызметтестері Темірланның амандығына алаңдағандықтан, әскери бөлімнің нөмірін қалдырған.

Осы екі арада, осы дәмханадан шығып, жоғалып кеткен Самат Мұқышевтің де табылмағаны хабарланды. 10 желтоқсан күні Абай қаласындағы «Визит» дәмханасынан шыққан Самат Мұқышев із-түзсіз жоғалып кеткен. Сол күні кешкі сағат 22.00 шамасында дәмханадан көшеге шыққан Самат Мұқышевтен әлі хабар жоқ. Оның да киімі дәмхананың киім ілгішінде қалған. Самат Мұқышев жоғалған күні көк түсті джинсы, қара былғары етік пен қою көк түсті жейде киіп жүрген.

Соңғы жаңалықтар