Қарағанды облысында бірқатар шенеунікке сөгіс жарияланды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында бірқатар шенеунікке әлеуметтік нысандардың құрылысы кезіндегі ақаулықтар үшін сөгіс жариялады, деп хабарлады ҚазАқпарат. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев төрағалық еткен селекторлық жиында белгілі болды.

Облыстық құрылыс басқармасының ақпаратынша, 2016 жылы өңірде 38 нысанды іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 31-і, соның ішінде 3 мектеп, 1 балабақша тапсырылды, мектеп-интернат, 26 дәрігерлік амбулатория қалыпқа келтірілді. Шет ауданындағы тағы бір ауылдық дәрігерлік амбулатория жуырда қолданысқа беріледі. Тапсыру мерзімі бұзылған.  

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар мемлекеттік қызметкерге сөгіс жарияланды. Ауылдық дәрігерлік амбулаторияны тапсыру мерзімі бұзылғаны үшін Қарағанды облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Жан Мырзағали, Шет ауданы әкімінің орынбасары Мұхит Мұхтаровқа сөгіс жариялады.  Саран қаласы әкімінің орынбасары Мейрам Қожуховқа Ақтас кентіндегі қазандық құрылысында қаражатты уақытында игермегені үшін сөгіс жариялады.

Сонымен қатар, Қарағанды әкіміне екі апта ішінде қала әкімінің орынбасары Тайхан Қалмахановтың лауазымына лайықты не лайықты емес екенін анықтау тапсырылды.   Бұған оның «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен тұрғын үй құрылысын қаржыландыру тетіктерін пайдаланудағы сапасыз жұмысы және автомобиль жолдарын жөндеу бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімін созуы  себеп болды.

А. Дүйсебаев облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшыларына, Қарағанды әкіміне құрылыс және жөндеу нысандарындағы жемқорлық орын алу қаупі бар орындарды тексеру үшін құқық қорғау және прокуратура органдарына жүгінуді тапсырды.  

Соңғы жаңалықтар