Ауа райы
Астана 24 °С
Алматы 20 °С
валюта бағамы
USD 323.13
EUR 367.08
RUB 5.43
CNY 47.53

Қарағанды облысында 40-тан астам нысан киелі жерлер картасына енуі мүмкін

 Қарағанды облысында 40-тан астам нысан киелі жерлер картасына енуі мүмкін
2017 жылғы 19 маусым 22:32 531

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының 40-тан астам нысандары Қазақстанның киелі жерлері картасына енуі мүмкін. Бұл туралы облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының жетекшісі Еркебұлан Ағымбаев мәлім етті.

«Бүгінгі таңда тізім анықталды, оның ішінде біздің облысымыздың 40-тан астам жері бар, - деді ол. - Аталмыш тізім орталыққа жіберілді. Осы жазда, менің білуімше, Астанадан комиссия келеді, ол барлық аталған жерлерді аралап шығады, сонан соң олардың қайсысын картаға енгізу керектігін шешетін болады», - дейді Еркебұлан Ағымбаев. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір комиссия мүшелері белгілі-бір географиялық нысанның қаншалықты маңызды екенін анықтайтын алгоритм құрастырып жатыр. 
Қарағанды облысындағы қасиетті жерлердің тізіміне Жошы хан және Домбауыл кесенелері және Әулие тау енгені белгілі. 
Жошы хан кесенесі Қарағанды облысының Ұлытау ауданында, Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 50 шақырым қашықтықта орналасқан XIII-ші ғасыр сәулет ескерткіші. Аңыздарға сай кесенеде Шыңғыс ханның үлкен ұлы жерленген. 1982-ші жылдан бастап ескерткіш мемлекет қорғауына алынған. 
Домбауыл кесенесі, көптеген ғалымдардың пікірінше, Орталық Қазақстанда орналасқан ең көне ескерткіштердің бірі болып есептеледі. Домбауыл кесенесі исламға дейінгі кезеңге жатады. Ол киіз үй пішіндес салынған, жәнеде ортаазиялық сәулет ескерткіштерінен анағұрлым ерекшеленеді. Кесене тас тақталардан салынған.

Әулие тау - Сарыарқа көне тау сілемдерінің Ұлытаудағы ең биік нүктесі (1131 м). 
Осыған дейін Қазақстан президенті «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаларды іске асыруды тапсырған болатын. 
«Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді», - деп Президент өзінің ұлт санасын рухани жаңғырту туралы мақаласында жазған болатын. 
Еске сала кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің индустрия комитеті Қазақстанның киелі жерлерінің картасын құру бойынша жұмыстарды бастады.

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер