Қарағанды облысында 2 балдық жер сілкінісі тіркелді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Алматылықтардан кейін 9 тамыз күні таңғы сағат 5:28-де қарағандылықтар да жер сілкінісін сезінді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Өңірдегі жер сілкінісінің қуаттылығы  - 2 балл. Ол сейсмикалық станция желісінде 9 тамыз күні Алматы уақытымен 5 сағат, 28 минутта тіркелді», - деп хабарлады ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.

Қарағанды облысында инфрақұрылымдардың бұзылуы, зардап шеккендер немесе апатты жағдайдың құрбаны болғандар жоқ.

«Зілзала ошағы Алматы қаласының солтүстік-шығысындағы 485 километрде Қытай аумағында орналасқан», - делінген Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Құтқарушылар мұндай жағдайларда үрейге бой алдырмай, нұсқаулықтарды қатаң қадағалауға шақырады.

«Ғимараттың теңселуін, шамдардың тербелуін, заттардың құлауын, әйнектердің шылдырлағанын сезінсеңіз, дүрлігудің қажеті жоқ. Құжаттарыңыз, ақша және ең қажетті заттарыңызды алып ғимараттан шығыңыз. Лифт емес, баспалдақ арқылы төменге түсіңіз. Көшеде болсаңыз, сол жерде қалыңыз, алайда ғимаратқа жақын тұрмаңыз. Ашық кеңістікке өтіңіз. Сабырлылық сақтап, басқаларды да тыныштандыруға тырысыңыз. Ал, егер амалсыз ғимараттың ішінде қалып қойсаңыз, қауіпсіз жерлерге: ішкі қабырғаның қасына, бұрышына, ішкі қабырға ойығына немесе сүйеніштердің қасына тұрыңыз. Мүмкін болса, үстелдің астына тығылыңыз, ол құлаған заттардан қорғайды», - делінген хабарламада.

 

Соңғы жаңалықтар