Қарағанды облысы жолаушылар көлігі басқармасының басшысы жұмыстан босатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметінен кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Коммуналдық шаруашылық саласындағы шенеуніктің жұмыстан босатылғаны туралы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өз лауазымындағы 100 күннің қорытындысы турасында тілшілермен кездесу кезінде хабарлады.

Ерлан Қошановтың айтуынша, қоғамдық жолаушылар көлігіне қатысты жұмыстар легін тексеру барысында бірнеше олқылықтардың бары анықталған. Осыған байланысты өңір басшысы жауапты тұлғаны жұмыстан босату туралы шешім қабылдаған.

«Мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысын жұмыстан босаттым. Оның алдында мониторинг жүргізіп, жағдайды тексеруге алған жұмыс тобын құрған болатынмын. Қазіргі уақытта кемшіліктерді жою бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді Ерлан Қошанов.

Жұмыс тобының екі апталық тексерісінен кейінгі нәтиже бойынша, облыс әкімі қоғамдық жолаушылар көлігі саласының жұмысын қатаң сынға алып, Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровке ескерту жариялады. Ал оның орынбасарын тәртіптік жазаға тартуды тапсырды. Жауапты органдарға кемшіліктерді жойып, мәселені ретке келтіру үшін 1 ай уақыт берілді.

Бұдан бұрын облыс әкімі облыстық жолаушылар көлігі саласының төрт категория бойынша кемшілігін атап өткен болатын. Біріншіден, бағдарлар (маршрут) бойынша қозғалыс кестесі болмауымен бірге, аялдамаларда бағдарлардың жүру тәртібі туралы тақта орнатылмаған. Екіншіден, бағдарларда тапсырыс берілген керекті автобустар жүрмейді. Үшіншіден, қозғалыс көбейген кезде автобустар жолаушыларды алып кетпей, аялдамаға тоқтамай өтіп кетеді. Төртіншіден, қоғамдық көліктердің жүргізушілері көп жағдайда жол жүру ережелерін сақтамайды.

Әкім тендерлік құжаттамалар бойынша бағдарларда 17 автобусқа тапсырыс берілгенін, ал шын мәнінде, рейске тек 9-10 көлік шығатынын мәлім етті. Өңір басшысы атап өткендей, қоғамдық автобус жүргізушілері көп ретте пайдаға кенелу үшін қала көшелерінде жарысып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп жатады.

Соңғы жаңалықтар