Қарағанды облысы пилоттық аймақтар қатарына кірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Елбасының халыққа Жолдауын талқылауға арналған актив жиынында Смарт-сити элементтерінің енгізілуі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімнің сайтына сілтеме жасап.

«Смарт-сити бағыты бойынша Қарағанды облысы пилоттық аймақтар қатарына енді. Біздің мақсатымыз - жаңа технологиялар арқылы қалалық ортаны Елбасы айтқандай өмір сүруге және жұмыс істеуге жайлы болатындай етіп ұйымдастыру болып табылады. Бүгінгі таңда 2018 жылдың соңында іске қосылатын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі бойынша бірыңғай үйлестіру орталығы құрылуда. Ол «Ақылды қаланың» интеграциялық өзегі болады», - деді Ерлан Қошанов.

Облыс әкімі Смарт-сити элементтерін кезең-кезеңмен енгізу үшін әлемдік тәжірибе зерттелгенін айтты. 

«Бейнесараптау және оқиғалық хабарлауы бар ауқымды бақылау жүйесі бар «Қауіпсіз қала» жүйесінен бастадық. Қазіргі таңда Қарағандыда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған облыстық ІІД жедел басқару орталығына қосылған 3000-нан астам бейнекамералар жұмыс істейді», - деп жеткізді аймақ басшысы. 

Ол бір жыл көлемінде тағы да 12 000 жеке кәсіпорындар, білім және денсаулық ұйымдарының камераларын қосу жоспарланып отырғанын айтты. 
Аймағымызда денсаулық сақтау және білім беру салаларында ақпараттық жүйе дамып келеді. Қарағандыда мамыр айында енгізіледі деп жоспарланып отырған электроны билеттеу жүйесін және электрондық диспетчерлеуді енгізу бойынша жұмыстар басталды. 

«ТКШ саласында біз коммуналдық қызмет сапасына мониторинг жүргізуді енгізбекпіз. Келешекте келесі кезеңге сай қаланың өміршендігін басқарудың ақылды жүйелері пайда болуы тиіс. Смарт-сити технологияларын біз Қарағандыда енгізіп жатырмыз, алайда келешекте бұл тәжірибе облысымыздың басқа аймақтарында да жүзеге асырылады, - деп жалғастырды сандық жүйеге ауысуы тиіс салалар тізімін Ерлан Қошанов.  

Облыс әкімі Кәсіпкерлік басқармасына қала және аудан әкімдерімен, сондай-ақ қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен бірігіп сандық технологияларды енгізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар