Қарағанды облысы бидай мен картоп экспортын ұлғайтты

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында 2018-ші жылы ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорты 211 мың тонна көлемінде жоспарланып отыр. Ол жайлы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағынжан Алақашов мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты. 

Ол аймақтағы 2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу көрсеткіштері туралы есеп берді.

- 2017-ші жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің және қайта өңдеуден өтетін өнімнің экспорты 40,8 млн АҚШ долларын, 190 мың тоннаны құрады. Бидай мен меслин (бидай мен қарабидай қоспасы) экспортының көлемі екі еседей ұлғайды: 4 млн АҚШ долларын құрайтын 40 мың тоннаға жуық өнім экспортталды. Картоп экспорты 3,4 есе ұлғайды - 3 млн АҚШ долларынан астам қаражатқа, 10 мың тоннаға дейін, - деп хабарлады Сағынжан Алақашов. 

Қарағанды облысы шет елге тауық жұмыртқасын, маргарин, макарон өнімдерін шығарады. Бұл өнімдердің экспорты да өсті. 
Өткен жылы облыс аграршылары 646 мың тонна бидай, 322,5 мың тонна картоп жинады. Жұмыртқа өндірісі 630 млн дананы құрады. 
2018-ші жылы облыста 908 мың га жерге жазғы дақылдар егу жоспарланып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда егілетін алқаптар 55,6 гектарға кеңейтіледі. Болжам бойынша бидай мен картоп өсіру 2%-ға, жұмыртқа - 3%-ға өседі. 

Облыс әкімі Елбасының алға қойған міндеттерінің бірі АӨК дамыту бойынша тапсырмалар жайлы еске салды. Бес жыл аралығында ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге ұлғайту керек. 

- Барлық көрсеткіштерді тағы бір мәрте сараптап шығыңыздар. Барлық мақсатты индикаторларға қол жеткізу бойынша нақты жоспар құру қажет, - деп тапсырды Ерлан Қошанов. 

Соңғы жаңалықтар