«Қара береттен» үміткерлер «нағыз еркектің емтиханын» тапсырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттің қатысуымен өтетін ресми шараларда қара костюм мен қара көзілдірік киген сұңғақ бойлы жігіттерді жиі көретініміз бар. Олар оң қолдарын көтеріп, бір-бірімен үнемі сөйлесіп жүреді. Іштерінде қара чемодан ұстайтындар да болады. Бұл жігіттердің бәрі Мемлекеттік күзет қызметінде істейді. Олар Елбасының қауіпсіздігіне ғана емес, шетелден келетін мәртебелі меймандардың өміріне де жауапты. Ал ондайда жеке дайындыққа қойылатын талап жоғары. Өткен демалыс күндері элиталық жасақтың жігіттері журналистерге өз дайындығын шыңдаудың тағы бір шарасын көрсетті. Бұл жолы «қара берет» атағы үшін кезекті сынақ ұйымдастырылды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы он жылдың ішінде «қара берет» үшін жүздеген жігіттер таласып көрді. Алайда мыңдаған әскерилердің арманы болған атаққа барлығы бірдей іліге алмайды. Себебі түгел сыннан өту - қиынның қиыны. Содан болар, «қара берет» үшін сынақты «нағыз еркектердің емтиханы» деп атайды. Осы жолы да Мемлекеттік күзет қызметінің 40-қа жуық сарбазы өз күштерін сынап көрді.

null 

Сынақтың өзі екі кезеңнен тұрады. Алдымен үміткердің атыс шеберлігі, жалпы денешынықтыру дайындығы, соның ішінде жүгіру мен жүзу машығы тексеріледі. Бұдан бөлек, теориялық сынақтар да бар. Ал соның барлығына қойылатын талап жыл сайын күшейіп келеді. Мәселен, бұрын екінші кезеңге өту үшін «жақсы» деген баға жеткілікті болса, қазір «өте жақсыны» алмасаң, екінші кезеңге өтуге рұқсат жоқ. Содан болар, осы жолы келесі кезеңге тек 12 үміткер ғана өтті. 

null 

Екінші кезеңнің талаптары да жоғары, тіптен күрделі деуге болады. 2 сағат 20 минуттың ішінде 20 шақырымды жедел маршпен жүгіріп өту керек. Жай жүгіріп өтпей, арнайы тапсырмаларды да орындау қажет. Атап айтқанда, өзеннің үстімен тартылған арқанмен арғы бетке өту, газтұтқышты киіп алып, шартты түрде уланған аймақты еңсеру, тауға арқанмен өрмелеп шығу, атыс алаңынан жер бауырлап өту, автомат, тапаншамен жылдам ату, жарақат алған адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны белгілі бір жерге дейін көтеріп апару сияқты тапсырмаларды шапшаң атқарып шығу міндеті бар. Осы кезде арнайы инструкторлар үміткердің артынан қалмай, аспанға оқ атып, үнемі айқайлап, үміткерді қамшылап отырады. Сөйтіп, адамның жүйкесі де сыналады. Кезінде олар да осы сынақтардан өтіп, «қара беретке» қол жеткізген еді.   

null 

Соңғы кезеңнін мәре сызығына уақытында жету - бір қуаныш. Дегенмен, сынақ онымен аяқталмайды. Үміткер бірден жекпе-жекке шығуы тиіс. Арнайы киім-кешек пен жабдықтарды шешуге рұқсат жоқ. Сол күйінде үш қарсыласпен айқасу керек. Ондайда қол-аяқтың күші әбден сарқылып тұрса да, қарсыластың барлық соққыларына шыдау қажет. Қарымта соққыларды да жасамасаң, құлап қалуың әбден мүмкін. Себебі спарринг спортшы үміткерді аямайды, барын салып, құлатуға тырысады. Ал құлап, тұра алмай қалсаң, қолға тиіп тұрған «қара береттен» айырылғаның. 12 үміткердің барлығы осыны жақсы білді, армандарына екі-үш қадамның да қалғанын іштей сезді. Алайда бесеуі сүрініп қалды. Сөйтіп, осы жолы Мемлекеттік күзет қызметінің 7 сарбазы «қара береттің» иегері атанды.

null 

«Қара берет» - әлемнің көптеген елдерінің қарулы күштері мен арнаулы бөлімшелерінде кеңінен қолданылатын әскерилердің нысанды бас киімі. «Қара берет» тек айырым белгісі ғана емес, ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің абырой-беделі болып табылады, ол - ерліктің, батылдық пен намыс-жігердің, сондай-ақ дене шынықтыру, әскери, мамандандырылған және кәсіби дайындықтың нышанын білдіреді. Оған ие болған қызметкерлер өздерінің кәсіби, жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығын үнемі жетілдіріп отыруы міндет», - дейді МКҚ қызметкері, «қара берет» иегері Айдын Мұқатов. 

Ал «Қара берет» сарбазға не береді?» деген сұраққа келер болсақ, жоғары тұрған лауазымға тағайындау және арнаулы атақты мерзімінен бұрын беру кезінде алдымен «қара берет» иегерлеріне басымдық беріледі. Оларға жауапты істер тапсырылады. Себебі ондай қызметкерлер өз дайындығын жоғары дәрежеде дәлелдей білді. «Қара берет» барлық қызметтерде сақталады. Запас болсын, отставка болсын, «қара береттің» иегері жауапкершілік пен табандылықтың үлгісі болып қала береді.   


«Тестілеудің негізгі мақсаты - қызметкерлер мен әскери қызметшілердің жеке дайындығын бағалап, үздіктерді анықтау. Сондай-ақ, бұл сынақтар қызметкерлер мен әскери қызметшілерге кәсіби тұрғыдан серпіліс беріп, олардың бойындағы патриоттық сезімді арттырып, рухтандыруды көздейді. Бізден кейінгі сарбаздарға да үлгі болатыны анық», -  дейді МКҚ қызметкері Ринат Әбікешев.


Айта кеткен жөн, бүгінде біз әлі күнге дейін Президент күзетшілерін «СОП» (Служба охраны Президента - авт.) деп атап жүрміз. Алайда ҚР Президентінің күзет қызметі мен Республикалық ұлан қосылғаннан кейін ҚР Мемлекеттік күзет қызметі құрылған болатын. Қазіргі кезде аталған құрылым Президент пен жоғары мәртебелі қонақтардың ғана емес, мемлекеттік маңызы бар нысандардың қауіпсіздігіне де жауап береді. Демек, МКҚ-ның қызмет аясы да, жауапкершілігі де, дайындыққа қойылатын талап та арта түсті.

Соңғы жаңалықтар