«Қара алтын» құны қашан тұрақтайды?» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 29 шілде, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» басылымы «Қазақ күресі: өзгерте бергеннен не ұтамыз?» атты мақалада «Қазақстан барысы» турнирінде көз шалған кейбір жәйттер мен төл спорттың түріне кейіндеу енген өзгерістер жайынан ой қозғайды.

«Биылғы «Қазақстан барысының» алдында қазақ күресіндегі балуандарымыздың киіміне өзгеріс енгенін естігенбіз. «Жең мен балақ ұзарды» деген. Осы «жең» дегеннен шығады, күртенің жеңін шынтақтан шолтитып қиғаннан қазақ күресіндегі тартыстың қызығы арта түскенін байқай қоймадық. Керісінше, балуандарымыз жеңнен ұстай алмаған соң тұсаулы аттай кібіртіктеп жүр. Амалдың жоқтығынан жағадан қос қолдап ұстап, көбіне айла-тәсілді қара күштің көмегімен ғана іске асырады. «Әттең тонның келтесі» демекші, мүмкіндік шектеулі болғаннан соң, айла-тәсіл жасаудың аясы да тарылады емес пе?», - деген пікір келтіреді газет.

«Осындайда «Шіркін-ай, дзюдодағыдай жеңді ұзартса ғой», деген ойдың қылаң беретіні рас. Шынында да, күресіміздің көркемдігін арттыру үшін күртенің жеңін неге ұзартпасқа немесе оны ұзартпай отырғандағы мақсат не? Күртенің жеңі ұзарып, шалбардың балағы сол бетінде қалса, «Дзюдоға ұқсап кетті», деп кім айта алады?», - деп ой салады енді бір жерінде.

Мақалада, сонымен қатар күрес кілемін сыйлау, төрешілердің өзін-өзі ұстау әдебі сынды өзекті мәселелер көтерілген.

***

Мамыр айынан күн санап көтеріліп келе жатқан «қара алтынның» құны аяқ астынан құлдырап, 1 баррелі 45 доллардан төмендеп кетті. Мұнай экспорттаушы елдердің бірі ретінде бұл бізді де алаңдататыны түсінікті. Мұнай бағасының тағы төмендеуіне не ықпал етті? Бұл біздің экономикаға қалай әсер етеді? «Қара алтын» бағасы жуық арада тұрақтауы мүмкін бе? Осы сауалдардың жауабын белгілі мұнай-газ сарапшысы, «KazService» мұнай-газ компаниялары одағының алқа төрағасы Рашид Жақсылықовтың  «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатынан біле аласыздар.

«Жуық арада баға тұрақтала қоймайтын сияқты. Әлі 2-3 жылға дейін құбылмалы болады, шикізаттың 1 баррелі 60 доллардан асса да жаман болмас еді. Бірақ одан төмендеп кетпесіне де ешқандай кепілдік жоқ. Бағаға кері әсер ететін алғышарттар бар. Мәселен, жоғарыда айтып кеткенімдей, соғыстан шаршаған кейбір елдер мұнай секторын қайта қолға алып, бұрынғы нарықты қалпына келтіруге кірісуі мүмкін. Биылғы жылдың басында Иран күнделікті сұраныстан артық мұнай бере бастағанда, бағаның қалай құлдырағанын көрдік, Иран Ливия мен Сирияның бұрынғы нормасын осылай орындаған-ды. Қазір Ирак та экономикасын жандандырып, үлкен ойынға қайта араласуды жоспарлап отыр. Менің пайымдауымша, осы аталған факторлар мұнай бағасының жуық арада тұрақталуына мүмкіндік бермейді», - дейді Р.Жақсылықов «Қара алтын» құны қашан тұрақтайды?» атты тақырыппен берілген материалда.

***

«Айқын» басылымы бүгінгі санында жариялаған «Тыйым салынған террористік ұйымдар» атты мақалада әлемдегі ең қауіпті лаңкестік бірлестіктердің ара-жігі туралы сөз етеді.

«Қаншалықты шындыққа жақын екені қайдам, кейбір дереккөздері әлемде бес жүзге тарта лаңкестік ұйымдар бар дегенді келтіреді. Мүмкін. Өйткені ірілі-ұсақты ұйымдарды есепке алып жатқан ешкім жоқ. Дегенмен, қазір жер-жаһанды үрейге ұстап отырған мүйізі қарағайдай «әл-Кайда», «Ислам мемлекеті», «Жабхат ан-Нусра» секілді ұйымдардың аты көп аталады», - деп басталады мақала.

«Таяу Шығысты қанға бөктірген бұл содырлардың атынан әлем шошып қалған. Себебі жалпақ дүниенің әр қиырында жасалып жатқан барлық теракті, жарылыс, адам өлтіру оқиғаларының артында осы ұйымдар тұр. Лаңкестік әрекеттер мысықтабандап жылжып біздің де елге жеткен. Мәселен, 2011-2012 жылдардағы оқиғаларды алайық. Не болмаса, күні кеше ғана Ақтөбе мен Алматыда болған атыстың ар жағынан үңілейік. Бұлардың бәрін ислам атын жамылған түрлі ағымның алдауына шырмалған жандар жасағаны белгілі. Жалпы, лаңкестік деген сөз гректің «terror» деген атауынан шыққан. Бұл «үрейлі», «қорқынышты», «қатерлі» деген мағынаны береді. Шындығы сол, аяқастынан болған жарылыс, сансыз құрбандар адамды естанды халге жеткізері хақ. Осы орайда біздің тілге тиек еткіміз келген нәрсе, елімізде террорлық деп танылып, тыйым салынған ұйымдар жөнінде болмақ», - дейді басылым.

***

Осыдан екі ай бұрын темекіге қарсы күрес ұйымдары 2017 жылдың күзінде темекі қораптарында үрей туғызатын жаңа 12 суреттің пайда болатынын айтқан еді.

Алайда бұл эскиздердің темекі құмарларға әсер ететіндігіне күмәнмен қарағандар да табылды. Қазіргі жүргізіліп жатқан темекіге қарсы күрес шаралары тиімсіз екендігі де айтылып жүр. Бұған қатысты «Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық Коалициясы не дейді? Соған орай «Айқын» басылымы ұйым басшысы Жәмилә Садықованы әңгімеге тартқан.

«Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының мәліметі бойынша 2011 жылдан бастап, бес жыл ішінде темекі шегетіндер 6 пайызға азайды. Сауалнама 15 жастан асқан тұрғындар арасында жүргізілді. Жасөспірімдерге келетін болсақ, зерттеу 13 - 15 жас аралығындағылар арасында ұйымдастырылды. Бұл өте жақсы нәтиже болып есептеледі. Біріншіден, еліміздегі дұрыс саясаттың арқасы деп ойлаймын. Яғни, бізде 2009 жылдан бері қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынған, сол қазір жұртшылық арасында қалыпқа айналды. Екіншіден, бір қорап темекі бағасының өсуі әсер етті. Ол 2014 жылы 200 пайызға қымбаттаған болатын. Үшіншіден, 2013 жылы күшіне енген темекінің зияны туралы графикалық ескертулердің енгізілуінің пайдасы мол. Сондай-ақ 2014 жылдан бастап, Қазақстанда үрей туғызатын суреттер енгізіле бастағалы темекі өндірісі 25 пайызға төмендеді. Өйткені нарықта темекі өнімдеріне деген сұраныс төмендеді, темекіні аз тұтынатын болды. Бұған графикалық ескертулердің, яғни қорқынышты суреттердің де пайдасы тиді деп ойлаймын. Сонымен қатар темекі шегу сән еместігі жөнінде қалыптасқан жалпыәлемдік тренд бар. Сондықтан темекі шегетіндер арасында жастардың қатары азаюда және шылымқұмар жандардың өзі темекі шегуден бас тарта бастады», - дейді Ж. Садықова.

Толық сұхбатты «Жәмилә САДЫҚОВА: ҚОРҚЫНЫШТЫ СУРЕТТЕРДІҢ ӘСЕРІ БАР» атты материалдан оқи аласыздар.

                                                                                                                           ***
Қазақстандық банктер иелігінде тек бір ғана баспанасы бар ипотекалық қарыз алушыларды үйлерінен шығаруға талпынбайтындығы туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы «Экспресс К» газеті «Выселение честным, но бедным не грозит» атты мақалада жазып отыр.

«Бірақ, қарыз алушы өзінің қиын жағдайын түсіндіріп, банкпен бірге қарызды өтеудің жаңа шарттарын талқылаулары тиіс. 28 шілдеден кейін үш ай ішінде қарыз алушы банкке келіп, өзінің қиын жағдайын түсіндіріп беруге міндетті. Алайда ол өзінің несиесін өтеуді тоқтатпауы керек. Бір айлық ең төменгі өтеме сома 25 мыңнан кем болмауы қажет, ал халықтың аз қамтылған бөлігі үшін 10 мың теңгені құрайды», - деп жазады газет. 

Биыл Ұлттық банк заңға қарыз алушылардың мүдделерін қорғайтын бірқатар жаңашылдықтар енгізді. Мысалы, қаңтар айынан бастап, банк соңғы алты айда кірісі шетел валютасында болмаған қарыз алушыға ипотеканы шетел валютасында беруге тыйым салынады.

Соңғы жаңалықтар