Қар барысы «жойылу қаупі туған» аңдардың санатынан шығарылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Халықаралық Қызыл кітап» қар барысын «жойылып кету қаупі бар» санаттан «қорғалуы тиіс» санатқа енгізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Жағымды жаңалық туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі басқармасының басшысы Бақытбек Дүйсекеев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.

«Қазақстанда соңғы деректер бойынша 120-130 шақты қар барысы бар. Қар барысы елімізде 50 мың гектар аумақта мекендейді. Оның барлығы әлбетте, ерекше қорғалатын аумақтарға кіріп отыр. Нақты жұмыстарды Білім және ғылым министрлігінің ғылыми зоология институты Қазақстанның биоресурстарды қорғау бойыша қауымдастығымен бірге жұмыс жүргізуде. Келесі жылы қар барысының өсімі немесе кемуі турасында нақты көрсеткіш белгілі болады», - дейді ол.

Бақытбек Дүйсекеевтің айтуынша, қар барысы мекен ететін әлемдегі 13 мемлекет бірлескен бағдарлама жасаған.

«Соңғы деректерге сүйенсек, жер шарында қазіргі уақытта 7,5 мыңға жуық қар барысы бар екен. Халықаралық Қызыл кітаптың деректері бойынша бұрын қар барысы Жер шарында «жойылып кету қаупі бар» аңдардың қатарына еніп тұрған. Қазір жыртқыш «қорғалуы тиіс» аңдардың санатына көшірілді. Бұл 13 мемлекеттің бірлесе атқарған жұмысының арқасындағы қол жеткізген жетістік деуге болады», - дейді Бақытбек Дүйсекеев.

Комитет өкілінің айтуынша, соңғы 10 жылда Қазақстанда қар барысын заңсыз аулау фактісі тіркелмеген.

Соңғы жаңалықтар