Қапшағайда «жасыл» энергия өндіретін бірнеше станса салынады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл Қапшағайда бірнеше электр стансасының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Бұл шаһарға қарасты ауылдарды жаңартылатын энергия көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жөнінде Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл  «Надежные высокие технологии» ЖШС қуаты 50 МВт болатын күн электр стансасының құрылысын бастамақ. Жобаға 25,3 млрд теңге инвестиция тартылады.

Сонымен қатар «ГЭС-Энерго Алматы» ЖШС Іле өзенінің бойынан қуаты 49,5 МВт су электр стансасын салуды жоспарлауда. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы аяқталады. Жоба құны - 25 млрд теңге.

Бұдан бөлек, қуаттылығы 9 МВт болатын «Сарыбұлақ ЖЭС» ЖШС 11 жел электр стансасын тұрғызуды көздеуде. Оған 7,5 млрд теңге қаржы жұмсау көзделген.

Талғат Қайнарбековтың сөзінше, Қапшағай қаласы мен оған қарасты елді мекендер 4 бағыт бойынша дамуда. Біріншісі - өнеркәсіп пен ауылшаруашылық салалары, екінші - шағын және орта бизнес, туризм, үшіншісі  - қаланың тұрғын үй-коммуналдық жүйесі және соңғысы - әлеуметтік сала.

Өткен жылдың қортындысы бойынша қалада өндіріс өнімдерінің жалпы көлемі 55 млрд тенгеге жеткен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 3,7 млрд теңгеге артық.  Жалпы Қапшағай қаласында 42 өндіріс кәсіпорны бар. 

Соңғы жаңалықтар