Қапшағайда қант зауытын салу жоспарланып отыр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында қант қызылшасын егетін шаруалардың саны жыл санап өсуде. Мәселен 2017 жылы Қапшағай қаласында 573 гектарға тәтті түбір егілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бірақ атап өтілгендей, ауыл шаруашылығының осы бағытына ден қойған шаруалардың түйіткілдері де жоқ емес. Олар өз өнімдерін өткізу үшін 200 шақырымнан астам жол жүруге мәжбүр.

«Расымен де, өнім қабылдайтын «Көксу қант» зауытының орналасқан жері біз үшін  аса жақын емес. Осыған байланысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов  Қапшағай маңынан қант зауытын салу жөнінде тапсырма берді. Қазір осы мәселе  бойынша жұмыстар атқарып жатырмыз. Болашақта  шағын қант зауытын салуды жоспарлап отырмыз», - деді Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков брифинг барысында.

Қапшағай қаласына қарасты Заречный және Шеңгелді ауылдық округтері  бар. Биыл мұндағы шаруалар 700 гектар жерге қант қызылшасын егуді жоспарлауда.

 Айта кету керек, Президенттің тапсырмасына сәйкес Алматы облысында қант қызылшасын егу қайта жаңғыртылуда. 2017 жылы 9 мың гектарға тәтті түбір егіліп, 35 мың тонна таза қант алынды. Сондай-ақ 10 жыл бойы қаңырап тұрған «Ақсу қант» зауыты іске қосылды. Қазіргі таңда Алматы облысында тәтті түбір қабылдайтын екі зауыт бар.

Соңғы жаңалықтар