«Қансонар 2017»: Арман Қошқаровтың бүркіті бірінші орынды жеңіп алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық спорт түрлерінен құсбегілер арасында ұйымдастырылған республикалық турнирде атыраулық Арман Қошқаровтың «Нарын» атты бүркіті бірінші орынды жеңіп алды.

Атырау облысында араға тоғыз жыл уақыт салып екінші мәрте өткізіліп отырған турнирге Атырау, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда облысынан, және Көкшетау, Павлодар, Алматы, Астана қалаларынан жиырма бүкітші, төрт қаршыға қатысты, деп жазады dodasport.kz.

Бүркітшілер арасындағы сайыс турнирдің екінші күні қыза түсті. Саятшылар бүркіттерін қоян, қарсақ, қасқырға салып жарысқа түсірсе, қаршығалар қоян, кептер аулаумен бағын сынады. Ақтың кезеңге атыраулық Арман Қошқаровтың «Нарын» атты бүркіті мен Ақмола облысынан келген Бергенбай Тастанбекұлының бүркіті өтіп, қасқыр аулаудан сынға түскен болатын. Бұл сында қос бүркіт те иесін жерге қаратпады. Алайда, төрешілердің сараптауы нәтижесінде алдыңғы кезеңдерде жинаған жоғары ұпайымен атыраулық Арман Қошқаровтың «Нарын» атты бүркіті бірінші орынды, ақмолалық Бергенбай Ақтамбекұлының бүркіті екінші орындыеншіледі. Ал, Астана қаласынан келген Руслан Мағзомов үшінші орынды қанағат тұтты.

Сондай-ақ, қаршығашылардың турнирінде Жамбыл облысынан келген 15 жасар Серікболсын Жалғасұлы қаршыға салудан «Ең жас саятшы» аталымына ие болды. Бұл сайыста атыраулық Ақберен Құрманғалиев үшінші орынды, Алматы облысының қаршығашысы Аят Сейітжан екінші орын жеңіп алды. Қаршығасы барлық кезеңдерден жоғары ұпаймен өткен Жамбыл облысының тумасы Бауыржан Шерниязға бірінші орын бұйырды. Қаршығашыларға алған жүлделеріне қарай ұлттық спорт түрлері атырау облыстық клубы атынан 50 мың, 30 мың, 20 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етілді.  Ал, бүркітшілер 250 мың, 150 мың және 100 мың теңгенің сертификатына ие болды.

- Республикалық турнир ойдағыдай өтті. Екі айдан астам уақыт дайындалдық. Бүркітшілер сайысын алдағы уақытта да өткізуге болады. Оған Атыраудың жерінде ешқандай қолайсыздық жоқ, - дейді Атырау облысының ұлттық спорт түрлері клубының бас бапкері Әбдікәрім Қошқаров.

Соңғы жаңалықтар