Қанат Ислам қарсыласы Верамен болатын айқастан бас тартқан жоқ

None
None
АСТАНА.ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның (25-0-0, 20КО) командасы FaceBook-тегі ресми парақшасында мәлімдеме жариялап, Қанаттың Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) белгілеген міндетті қарсыласы Жон Верамен (18-0-0, 11КО) болатын жекпе-жек туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Боксшының командасы отандасымыздың жекпе-жекке дайындалып жатқанын айта келіп, бұл күнде келіссөздердің жүріп жатқаны және Қанат жекпе-жектен бас тартты деген ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын мәлімдеді.

«Біз тек келіссөз жұмыстары жүріп жатқанын ғана білеміз. Өзіміз көптен күткен Әлем чемпионы атағына жақындататын бұл айқастан қалай бас тартамыз? Қанат Ислам бұл жекпе-жектен бас тартқан жоқ. Бұл ақпарат қайдан шыққанын анықтаймыз» -, деп жазылған мәлімдемеде.

Айта кетейік, бұған дейін отандық БАҚ-тарда Қанат Исламның Верамен болатын кездесуден бас тартқаны туралы хабарланған болатын.

Еске сала кетейік, WBA қауымдасты 21 қарашада Қанат Исламның міндетті қарсыласы ретінде америкалық Жон Вераны белгіледі. Жекпе-жекті ұйымдастыруға екі боксшының командасына 30 күн уақыт беріліп, жеңгені WBA чемионы Эрисланди Лараның (25-2-2, 14 КО) міндетті қарсыласы атануға мүмкіндік алады.

Соңғы жаңалықтар