Қанат Ислам 17 ақпанда бразилиялық боксшымен жұдырықтасады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам 17 ақпан күні бразилиялық боксшы Робсон Ассиспен жұдырықтасады. Бұл туралы massaget.kz хабарлады.

Бірінші орта салмақта бақ сынайтын отандасымыз кәсіпқой бокстағы 23-ші жекпе-жегін өткізеді. Ал қарсыласы Робсон Ассис мансабындағы 20-шы кездесуіне шығады екен.

Бразилиялық осы уақытқа дейін өткізген 19 кездесуінде 3 рет жеңіліп, 16-сында жеңіске жеткен. 9 жекпе-жегінде қарсыласын нокаутпен ұтқан. Кәсіпқой бокстағы мансабын 2006 жылы бастаған.

Қанат Ислам шығатын бокс кешінің басты жекпе-жегінде Рой Джонс (кішісі) жұдырықтасады. Бұл туралы «Nelsons Promotion» промоутерлік компаниясының Қазақстандағы өкілі Нұрғазы Ісмағамбетов айтқан еді.

- Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы келесі кездесуін 17 ақпан күні Нью-Джерси штатындағы Ньюарка қаласында өтеді. Рой Джонстың қатысуымен өтетін бокс кешінде Ислам 10 раундтық жекпе-жек өткізеді. Бірақ, бұл кеште Қанат чемпиондық атағын қорғамайды. Отандасымыз чемпиондық атағын тек Қазақстанда қорғаймын деп отыр. Қарсыласының кім болатынын алдағы уақытта хабарлаймыз. Қанат Ислам қазір АҚШ-та. Нельсон Лопездің қол астында жаттығу жұмыстарына кірісіп кетті, - деген еді.

Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы өзінің соңғы жекпе-жегін 2016 жылдың 29 қазан күні Алматыда өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша ганалық боксшы Патрик Аллотейден басым түскен еді.

Соңғы жаңалықтар