Қанат Бозымбаев әуе компанияларының шағымына жауап берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев әуе компанияларының шағымына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, әуе компаниялары әуе керосині қымбаттады деп шағымданған еді.

Бозымбаев өткен жылы Энергетика министрлігінің Air Astana компаниясына отын импорты бойынша қолдау көрсеткенін атап өтті.

«Соңғы алты айда мен өз әріптестеріммен алты рет сөйлестім, орынбасарым арнайы Мәскеуге бірнеше рет барып келді, отынмен қамтамасыз етумен айналысатын Air Astana вице-президентімен үнемі байланыста. Өзге де әуе компаниялары біздің Мәскеуге барып, олардың жұмысымен айналысқанымызды қалайды, мұны білеміз. Бірақ, біз беделді Scat әуе компаниясының маркетингтік бөлімі емеспіз.  Олар дәл осылай МӨЗ-ге барып, сәйкес бағаны атап, әуе керосинін әкеле алады. Мұнда не нәрсеге шағымдану керек, білмеймін», - деді ол ҚР Үкіметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Отандық әуе керосині жөнінде, Қ.Бозымбаев өткен жылы 300 мың тонна өндірілгенін айтты. Әзірге Шымкент МӨЗ ғана айналысатынын, өзге екі МӨЗ-де күкірттен тазартатын қондырғының болмағанын түсіндірді.

«Ең үлкен тұтынушы Air Astana болды. Қазақстандық отынды бөлумен сәйкес авиациялық комитеттер айналысады. Тұтас алғанда, отынға деген сұраныс 600 мың тоннаны құрады», - деді министр.

Биыл авиакеросинге сұраныс 700-750 мың тоннаға дейін артады деп күтілуде.

«Биыл 450 мың тонна отынмен қамтамасыз етеміз, бұл сұраныстың 70%-ін құрайды. Павлодар МӨЗ жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, әуе керосинін шығара бастайды», - деп өз сөзін толықтырды министр.

Министрдің айтуынша, қазақстандық зауыттар сұранысты толық көлемде қамтамасыз ете алады, бірақ бұл сертификаттауға тікелей байланысты.

«Бұл Қазақстанның ғана ішкі шаруасы емес, еуразиялық қауымдастықтың, Кедендік одақтың, Қазақстанға ұшатын барлық әуе компанияларының, қозғалтқыш шығарушылардың және т.б. ортақ мәселесі. Бұл ұзақ қажырлы еңбекті талап ететін процесс», - деді Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар