Канададағы Әлем кубогы: Галышева мен Рейхерд жүлдегер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығысқазақстандық спортшылар - Юлия Галышева және Дмитрий Рейхерд Канаданың Тремблан қаласында фристайл могулден өткен Әлем кубогы кезеңінде жоғары нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметі бөлімінің басшысы Елжан Қайырхановтың айтуынша, ерлер арасында жарыс жолына шыққан 60 спортшының ішінен Дмитрий Рейхерд 88.44 ұпай жинап, қола медальға қол жетізген. Бұл жолы тұғырдың ең биік сатысына 93.88 ұпаймен жапониялық фристайлшы жайғасты. Күміс медаль 93.27 ұпай еншілеген тәжірибелі канадалық Майкл Кинсберриге бұйырды.

«Ал бұрымдылар арасында барлығы 49 спортшы өзара мықтыны анықтады. Шығысқазақстандық Юлия Галышева бұл сында 84.61 ұпайын жинап, әлем Кубогы кезеңінің қола медалін иеленді. Канадалық спортшы 87.43 ұпаймен жарыста топ жарса, жүлделі екінші орын 85.36 ұпай иемденген тағы бір канадалық фристайлшының еншісінде қалды», - деп хабарлайды Елжан Қайырханов.

Айта кетейік, Юлия Галышева және Дмитрий Рейхерд ШҚО қысқы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің түлектері.

Әлем Кубогы кезеңінде өзге де шығысқазақстандық спортшылар өнер көрсеткен. Атап айтқанда, Аяулым Әміренова 41 орыннан көрінсе, Павел Колмаков 37 орын және Дмитрий Бармашов 21 орынмен жарысты аяқтаған.

Соңғы жаңалықтар