Қамшының «құдіреті» немесе әйелді жазалау мұсылмандықтың шарты емес - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

Он саусағынан өнер тамған Мұратәлі - Оңтүстік Қазақстан газеті 
null 

«Оңтүстік Қазақстан» газеті ағаш ұстасы Мұратәлі Көшкінбаев туралы жазған екен. Шындығында ұлттық бұйымдар мен музыкалық аспаптар жасайтын шебердің туындылары адамды таңғалдырады. Айтуынша, бұл ерекше өнер атасынан дарыпты. Атасы Ақбастау ауылына белгілі ағаш ұстасы болған екен. Соның қасында көмектесе жүріп, осы кәсіпті меңгерген. Кейіннен кәсіби білім алып, өнерін ұштаған.

«Оқуға түскен алғашқы жылдары мардымды ештеңе үйрене қоймадық. Бізден жоғары курста оқитын жігіттер қобыз жасайтын және онысын бізге көрсетпейді. Көрсетер болса біз үйреніп алып, оларды «нанынан» айырамыз ғой. Ол жылдары 1 қобыздың бағасы 10-15 мың теңгенің арасында еді. Ол ақшаға бір көлік сатып алуға болатын. Сонда олар бізден жасырып, жатақхананың төртінші қабатына шығып кетіп, терезелерін газетпен жауып алады. Сонда ағаштан қобыз ойып, жасап шығарады. Төменгі курстар, біз қайтеміз?! Екі-үш бала бірігіп, арқан алып, жатақхананың шатырына шығамыз. Бір адам беліне арқанды байлап, терезенің ашық қалған тұсынан сығалайды. Қолымыз талып, шыдамай бара жатсақ жоғарыға белгі береміз. Олар жіппен тартып алады да, екінші жігіт төмен түсіп, сығалауды жалғастырады. Содан бәрі біткен соң көрген-түйгенімізді ортаға салып, қобыз жасап шығарамыз», - деп еске алады студент шағын кейіпкер. 

null
Әңгіме барысында ұста шәкірт мәселесін де сөз етіпті.

«Мүмкін менен жақсы ұстаз шықпайды, яки, қазіргі жастардың бұл іске құлқы жоқ. Бірер күн қол астымда жұмыс істеп, өзімнен ақша талап еткендері болды. Тегін жатын орын, тегін тамақ бердім. Білгенімді үйреттім. Кәсібін толық меңгермей жатып ақша сұрады. Содан оларды еркіне қоя бердім, - дейді ол.

Айта кетерлігі, ұстаға тапсырыс берушілер көп секілді. Тіпті, Ресей астанасы Мәскеу қаласына бірнеше астау жөнелткен.

null  

«Жуырда бір әйел келіп, өзіне елде жоқ сандық істеп беруін өтініпті. Қазір сол сандықты істеу үстінде. Жұмыс ойдағыдай аяқталып, сандық сәтті шықса, бұл оның ең қымбат бұйымы болмақ. Ұста сандықты 1 200 000 теңгеге бағалапты» деп жазады Оңтүстік Қазақстан газеті.

Бұл ауылды көрмеген кім бар екен - «Сыр бойы» газеті

null

«Сыр бойы» газетінің жазуынша, бүгінде Қызылорда облысындағы Нағи Ильясов ауылын білмейтін танымал өнер адамдары, Қазақстанның эстрада жұлдыздары кем де кем екен. Шындығында осы ауылға өнер жолында жүрген әншілер, әзіл-сықақшылардың басым бөлігі келіп, ауыл жұртын қуантқан екен.

Айта кетерлігі, бұл ауылға ең алғаш 2003 жылы диқандар жақсы нәтижеге қол жеткізгені үшін шаруашылық басшысы А.Ералиев алғаш рет «Шаншар» әзіл-сықақ театрын ауылға шақырған екен. Одан кейінгі жылдары «Жігіттер» квартеті концерттік бағдарламасымен келіпті. Міне, содан бастап жыл сайын гүлденген ауылға әртістер келіп, өнерімен ел-жұртты тәнті ететін көрінеді.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда ауыл тұрғындары «Біздің ауылға өнер адамдарынан кім келген жоқ?» деп таңдап отыратын деңгейге жетіпті.

Биылғы табысты жылы да ауыл тұрғындарына Қазақстанның эстрада жұлдыздары Роза Әлқожа, Нұржан Қалжан және «Күлкістан» әзіл-сықақ театры келіп, өнер көрсеткен. Ал өткен жылы Роза Рымбаева, Тұрсынбек Қабатов, 2013 жылы Төреғали Төрәлі, Қыдырәлі мен Қарақат, сондай-ақ оның алдында Жұбаныш Жексенұлы, Жанболат пен Жазира, Лена Әбдіқалықова және тағы басқа да әншілер ауылға арнайы шақыртумен келіп, концерттік кештерін өткізген. Көптеген меймандар ерекше дамыған ауылды көруге асық» деп жазады «Сыр бойы» газеті.

Шындығында шалғайдағы ауылды қойыңыз тіпті аудан орталығына әншілердің баруы екіталай заманда, Қызылордадағы бұл ауылды шынымен ерекше ауыл деп атауға болатыны анық.

Қамшы «құдыреті» немесе әйелді жазалау мұсылмандықтың шарты емес - Сарыарқа самалы газеті

Әлеуметтік желіде таралған, «әйелді ұрып-соғудың» әдіс-тәсілдері туралы уағыз айтқан бейнежазба көпшіліктің қызу пікірін тудырғаны белгілі. Бұған «Сарыарқа самалы» газеті де назар аударған екен.

«Уағызшының ынта-эмоциясына қарап, аталған тақырыпқа ерекше қызығушылықпен келгенін байқайсыз. Ер-азамат үшін әйелден артық жауыз жоқтай, барлық сәтсіздіктер солардың кесірінен деп ойлап қалуға да болады. Бірақ қазіргідей зайырлы, өркениетті қоғамда әлгіндей насихаттың қалай қабылданатынын алдын ала болжауға болады. Сол болжам расталды, әйелді ұрудың жолдарын ұсынған азаматтың әрекетін қызу талқыға салушылар қарасы көп болды» деп жазады мақала авторы.

Бұл ретте автор бірқатар мамандардың дәл осы уағызға қатысты пікірлерін ұсынады. Әлеуметтік желідегі пікірлерді де қоса ұсынып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілінің де түсініктемесін алға тартады.

«Бүгінде қоғамда көптеген мәселелер діни тұрғыдан да талқыланып, қабылданатынын айта кету керек. Өкінішке қарай, түсіндірушінің бәрі зайырлылықтың, өркениеттіліктің өрінен табылып отырмағанына осы жағдай мысал. Хакім Абай айтқандай, «Сөз түзелсе, тыңдаушы түзелер». Бір үміт - ҚМДБ уәде етіп отырған уағыз айтудың бірыңғай жүйесінде» деп түйіндейді автор мақаласын.

Қарекет керек - «Қостанай таңы» газеті

Қостанай облыстық газетте сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер журналист Ханзипа Бәлдікқызының «Қарекет керек» деген мақаласы жарияланған екен. Мақала негізінен қазақ тілінің бүгінгі жағдайына арналады. Автор тіл төңірегіндегі түйткілдерге тоқтамас бұрын өз басынан өткен, өзі куә болған бірқатар мәселені тарқатып, сосын ғана негізгі мәселеге көшеді.

«Баяғыда араб тіліне ойысып бара жатқан түрік халқын Ататүрік өздерінің ана тіліне, түрік тіліне қайтарыпты. Әрине, ол Үкімет басшысы бар тетік, мүмкіндік өз қолында болды. Ал біз - халықпыз ғой. Халық дәрменсіз болуы керек пе?! Халық болып қарекет жасаса, бір нәтиже шығары анық» деп жазады автор.

Сосын журналист тілге қатысты үш қарекетті ұсынады. Мәселен, 1-қарекет: Елбасының ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын басшылыққа ала отырып жұмыс істеу. Жаңғыру дегеннің өзі кемшін қалған, еленбей артта қалған, ескерусіз ұмытыла бастаған т.б. сондай істерді қайта жаңғырту, жаңарту, дамыту деген сөз емес пе?! Және ол рухани жаңғыру болса, адам баласының жан дүниесін рухани көтеретін игілікті іс қой. «Тіл - халықтың, ұлттың рухы, жаны десе де болады. Ендеше, Елбасының бұл бағдарламасы ана тілімізді жаңғыртып, жаңартып байытуға, дамытуға арналғандай сәйкес келіп тұр» деп жазады автор. Екінші қарекет ретінде ол Қазақ тілі қоғамын қайта жаңғыртуды ұсынады.

«Сонау кеңес заманының өзінде қазақ тілі қоғамымен бірлесе жұмыс істеп, біраз игілікті істерді жүзеге асырып едік. 3-4 пайыз ғана қазағы бар Лисаков, Рудный қалаларында басшылардың есігін тоздыра жүріп, алғашқы қазақ сыныптарын ашқанбыз. Қалалық радиоларды тұңғыш рет қазақша сөйлеткенбіз... Қазір көпшіліктің пікіріне қарағанда, қазақ мектептерінде, әсіресе, балабақшаларда, балалардың ана тілімізде сөйлеп кетуі айтарлықтай дєрежеде емес. Жұмысты ең алдымен жас ұрпақтан бастаған ләзім. Ол үшін отбасы тәрбиесіне, отбасы тіліне көңіл бөлінуі қажет. Ең алдымен болашақ ұрпақтарымыздың орыс тілді болып кетпеуіне абай болайықшы!» деп түйіндейді 80 жастағы қарт журналист.

Авто мiнген аңшылық немесе әуейі жастар қайда барады? - «Орталық Қазақстан» газеті

null

«Орталық Қазақстан» газетінде жарық көрген осы мақалада автор негізінен «салбурын» туралы жазуға бекінген екен, бірақ мақала «Атқа мінген жігіттерге «жүр салбурынға» десең, «не деп тұрсың, бауырым?» дейтіндер де бар» деген оймен басталады. Сосын автор кешегі қазақтың салтына тамсана келе, бүгінгі жағдайдың жарымайтын жақтарын алға тартады.

«Біз атты мінуден де қалдық, қайта жақсылап союды меңгеріп алғанбыз. Аламан бәйге өнерін бизнеске айналдырып жібердік. Қазақы аттарымыздың қадірін кетірдік». «Қазақта «атүсті қарайды» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Ендігі күніміз темір аттың ішінен қарайтын күйге көштік. Астына авто мінген, қолына қару алған жігіттеріміз түн жамылып, түз-тағыларына қырғидай тиіп жатыр. Балықты аумен емес, қармақпен аула десе де, аумен ауыз сүртіп жүрген «броконьерлер» қайтар емес. Түз тағыларының қырылуына қауіп - осы. Бұл - құлқынының құлы болған тексіздердің ісі. Аңшылық өнер еріккеннің ермегіне айналды. Ауыл маңында оққа ұшқан аңдар, тіпті, сиреді, далаға шықсаң жасап емес, жасып қайтасың. Иен даланың тылсым күшін, адамнан артық білген жан-жануар біз үшін қызық болғанымен, сабақ алатын тұстарымыз көп. Қасқыр-екеш қасқыр да апанының маңындағы ауыл малына шаппаған» деп күйінеді автор. Сосын мақалада аңшылық өнері туралы сөз қозғалып, қазіргі күні ұмыт болып бара жатқан дәстүрдің бірі «салбурын» тақырыбымен тарқатылады.

Жүректегі иман білектегі күшке таразы - Жетісу газеті

null

Алматы облысының «Жетісу» газетінің «JETIGEN» айдарында грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаевпен сұхбат жарияланыпты. Жалпы олимпиада жүлдегерімен болсын, жалпы атағы шыққан спортшы қауыммен сұхбаттасу, ол сұхбатта қоғам, дін, ұлт мәселелері жайында келелі әңгіме қозғау - қазіргі БАҚ тенденциясына айналып бара жатқан жоқ па, деген ой келеді. Әлбетте, спортшымен сұхбат спорттың төңірегінде ғана болмайтыны анық. Дегенмен, басым бөлігі сөзге шорқақ келетін спортшылар арасында да айызын қандыра айтатындардың бар екеніне де куә болып келеміз. Чемпион Теңізбаевпен сұхбаттан да соны аңғарғандай болдық.

Журналистің сауалы: Баяғыда сексенге жасы келіп, бойынан әл, бетінен әр кеткен бір ақсақал «Сексен көрейін деген жасым ба еді, быламық жейін деген асым ба еді?», - деп налыған екен. Бұл жеке адамның басындағы тағдыры ғой. Ал ұлт ретінде көңілімізге көлеңке түсіріп тұрған жайлар да аз емес. Тәуелсіздігімізге тәу етіп, Тәңірімізге тәуба деген осы тұста ашуыңызды келтіретін, қаныңызды қайнататын кереғар көріністерге бей-жай қарамайтын ұлдың бірісіз деп ойлаймын». Спортшының жауабы: Бізде бәрі керемет деп қоғамда болып жатқан кейбір жағдайларға көз жұма қарауға болмайтын шығар. «Ауруын жасырған өледі», - дегенді ұмытпауымыз керек. Бір қоғамда күн кешіп жатқан соң кемшіліксіз пенде жоқ. Пендеміз ғой деп жайбарақаттық таныту да үлкен кемшілік. Ұлдан ұят, қыздан қылық кетсе, ұлттың тамырына балта шабылады. Менмен деген небір құрыш білек жігіттердің ұсақ-түйек шаруамен айналысып, әлсізді басынғанын ерлік санап, бір қазақты жабыла соғып, соны мақтан көретіні ашуымды келтіреді. Қазақтың қаракөз қызына қарындасым деп қарай алмай, ойына келгенін істегісі келетіні ердің емес, ездің ісі. Мықтысың ба, күшіңді ұлтың үшін жұмса...Жаңалық деп жаһандық кеселдерді қабылдай берсек не боламыз. Қыздарымыз да қымсынбайтын болды. Езуінде шылым, қолында сыра, көпшілік жүретін жердің өзінде жігіттің құшағында оғаш қылық көрсетіп отырады. «Қызға қырық үйден тыйым» ұлттық тәрбиеміз емес пе? Тарихымызды білмей, тілімізді сүймей, дәстүрімізді дәріптемей ертеңіміз керемет болмайды. Ащы да болса шындық бұл. Бір алаңдататын нәрсе осы жағы».

«Талақ» - қазаққа жат ұғым - Атырау газеті

null
«Атырау» газетінде жарияланған сұхбатта дінтанушы, PhD доктор Ершат Оңғаров «талақ» туралы түсінік беріп өтеді. Шындығында шариғаттың шетін ұстап, некеге бейжай қарай бастағандар да табылып жатыр. Осыған байланысты дінтанушы қазақтың «ақ неке» ұғымын түсіндіріп, отбасындағы түйткілдерге де тоқталады. Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда 2016 жылы 140 840 неке тіркелген болса, соның 51 775-і ажырасып кеткен.

«Ал, некесін заңды түрде тіркемей, тек шариғи неке қиғызумен шектеліп, содан соң үйленбей жатып ажырасып, талақ беріп жатқандар қаншама? Ең сорақысы да осы болып тұр. Бұрын-соңды ел естімеген, ұлтымызға, дінімізге мүлдем жат, жиіркенішті әрекеттер белең алып барады. Бірнеше әйелге үйленіп, ертеңіне «талақ» деп некесін заңдастырмай, ажырасып жатқандар көбейді. Бұл ұлттың болашағына балта шауып, халықтың арасына іріткі салуды көздеген теріс ниеттегі адамдардың іс-әрекеті екені анық. Өкінішке қарай, біздің ештеңеден бейхабар қаракөз қыздарымыз солардың арбауына оңай түсіп, сан соғып қалып жатыр. Нәтижесінде заңсыз туған жетім балалар, жесір аналар саны артуда. Осының бәрі өзіміздің сан ғасырлардан бері келе жатқан ұлттық құндылықтарымызға, асыл дінімізге мән бермей, өзге мәдениетке еліктеудің нәтижесі болса керек» дейді Ершат Оңғаров.

Соңғы жаңалықтар