Қалмақ елінің жас ғалымдары Оралға келді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Адами капитал - жаңғырудың негізі» тақырыбында жас ғалымдардың халықаралық ХVІІІ ғылыми конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Университеттің ғылыми бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабырдың айтуынша, шара мақсаты - жас ғалымдарды қазіргі таңдағы ғылыми мәселелерді шешуге жұмылдыру, шығармашылық қабілеттерін шыңдап, дарынды студенттер мен магистранттарды қолдау.

Конференцияда елімізде, сондай-ақ Ресейдегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастар қатысып, өз ой-толғамдарын ортаға салды. Мысалы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 1-курс магистранты Данагүл Баймұратова «Қазақстан жастары - рухани жаңғыру жолында» деген тақырыпта баяндама жасаса, осы оқу орнының аға оқытушысы, М.Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогика университетінің 2-курс аспиранты Балжан Баймұханова «Педагог мамандарды инновациялық технологияларды қолдану негізінде кәсіби даярлау» туралы айтып берді.

Соңғы жылдары ғылым мен білім саласында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Б.Городовиков атындағы Қалмақ мемлекеттік университеті тиімді қарым-қатынас жасап келеді. Біраз бұрын Қалмақ елінің жоғары оқу орны Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетімен де осындай келісімге келді.

«Аталмыш үш ЖОО арасында бірлескен жобалар жүзеге асатын болады. Айталық, осы университеттер ғалымдары жастарды түркі тіл ғылымын зерттеуге тартатын жобалар әзірлеуде. Сол секілді батысқазақстандық жастар біздің университетте білім алса, бұл екі жаққа да тиімді болмақ», -деді Қалмақ мемлекеттік университетінің оқытушысы Владимир Мушаев.

Мұндай тиімді байланыстар басқа ЖОО-лармен де орнатылуда.

Екі күнге созылған конференция техникалық, жаратылыстану, экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық, мұнай-газ, ақпараттық, педагогикалық бағытта 14 секция бойынша жұмыс жасады. Оған 300-дей баяндама ұсынылды. Конференция қорытындысы бойынша материалдар жинағы басылып шықпақ.

Соңғы жаңалықтар