Кәкімбек Салықовтың поэмаларын мектеп бағдарламарына енгізу керек - Софы Сматаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кәкімбек Салықов лирик ақын ғана емес, ол эпик ақын, оның поэмаларын мектеп бағдарламарына енгізу керек. Мұндай пікірді белгілі жазушы Софы Сматаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада ақын Кәкімбек Салықовтың 85 жылдығына арналған «Қазақтың жезқанатты жезкиігі» тақырыбымен конференция өтті. Оған белгілі қаламгерлер мен ақынның қалың оқырманы қатысты. Жиында ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген жазушы Софы Сматаев Кәкімбек Салықов шығармаларын, әсіресе поэмаларын зерттей түсу қажеттігін айтты.

«Кәкімбек Салықовты лирик ақын ғана деп ойлайды. Бұл кісі үлкен поэма жазған ақын. Ол бір Тәттімбет туралы жеке кітап шығарған. Эпик ақын екенін ұмытып кете береміз. Ол кісіні ән шығарған, әнге мәтін жазған деп қана таниды кейбіреулер. Оның ауқымды шығармаларын қамту керек. Ол мектеп бағдарламасына енуі керек. Көкшетауда туғаннан кейін ол кісіні сал серілердің сарқытындай деп ойлаймын. Ол кісі әрі ақын, әрі әнші, әрі сазгер. Сондықтан ол маған серілердің соңы сияқты көрінеді. Айқайласа, дауысы бар, сөйлесе сөзі бар. Қаншама сазгерлерге сөз жазып берді. «Жез киік» - Кәкең халқының жүрегінде сақталады», - дейді Софы Сматаев.

Аталған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы «Туған жер» жобасы аясында өтті. Шараны өткізуге Кәкімбек Салықов атындағы қор мұрындық болған. Ақын шығармаларын зерттеуші Мереке Хасен ақынның 85 жылдығына орай екі кітабы баспаға берілгенін, жақында жарыққа шығатынын айтты.

«Кәкімбек Салықов атындағы «Жез киік» қоры қазан айында ғана құрылды. Мақсатымыз ақынның шығармаларын жинақтап, насихаттау. Бұған дейін 10 томдық шықты. Енді ол кісінің мақалалары жинақталуда. Сосын мұрағат жинауды қолға алдық. Қазір екі кітапты шығарғалы жатырмыз. Кітап желтоқсан айының басында шығады. Кәкімбек ағаның 10 томдықтағы өлеңдерін мен орыс тіліне аударып жүрдім. Соның ішінен, мектеп бағдарламасына енетін біраз өлеңдерін көрдім. Әліппе туралы өлеңін тауып алдым. Біз ол шығармаларды жинақтап, зерттеп, Білім министрлігіне ұсынатын боламыз. Орыс лирикасымен салыстырсақ, орыс ақындарының ішінде Пушкиннің тілі анық. Сол сияқты Кәкімбек Салықовтың тілі тұнық. Мектеп оқушылары үшін түсінікті», - деді Мереке Хасен.

Кәкімбек Салықов - көрнекті қазақ ақыны. 50-ге жуық ақын-композиторлардың 600-ге жуық шығармасына ән мен сөз жазған. Ақынның «Жезкиік», «Саумалкөл», «Сарыарқа» әндері халық арасында кеңінен танылған.

Айта кетейік, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады», - деп жазған болатын.

Елбасы ол үшін маңызды міндеттерді атқару қажеттігін айтқан.

«Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Мәселен, «Ауылым - әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл - мағынасы өте терең сөздер. Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы - шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер - әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу - шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», - деген болатын.

Бүгінгі таңда Туған жер жобасы аясында Қазақстанның барлық өңірінде рухани шаралармен қатар, көмек ретінде игілікті шаралар да атқарылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар