Кадрлық тағайындаулар: Кулагиннің өзі жұмыстан кетуге сұранды - Президент

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада елімізде төрт бірдей облыстың әкімі ауысты. Екеуін Президенттің өзі барып тағайындаса, қалған екі әкімді Президент Әкімшілігінің басшысы мен Премьер-Министр таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.    

Президент үшін Қарағандының орны бөлек екені белгілі. Содан болар, Мемлекет басшысы алдымен Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, аймақтық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты. Сол жерде депутаттар жаңа үміткерге өз дауыстарын берді. Ал  Нұрсұлтан Назарбаев өзі облыстың жаңа басшысы Ерлан Қошановты ұжымына таныстырды. Жаңа әкім болса, халқына және Президентке адал еңбек етемін деп ант берді.

Ал облысының бұрынғы басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Қарағанды облысынан кейін Президент Ақмола облысына барып, аталған аймақтың басшылығы да ауыстырды. Бұл қызметке Мәлік Мырзалин келді.

Дәл осы екі тағайындаудан кейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімін де ауыстырып тастады. Мемлекет басшысы ол жаққа Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековті жіберді. Әділбек Рыскелдіұлы өңірдің жаңа әкімі Құмар Ақсақаловты апарып қойса, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Маңғыстау халқына аймақтың жаңа басшысы Ералы Тоғжановты таныстырды. Маңғыстау облысының экс-әкімі Алик Айдарбаев инвестициялар және даму вице-министрі болып кетті. Вице-министр болған Альберт Рау Парламент депутаттығына ауысты. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметіне Дархан Мыңбай тағайындалды.

Қазақстандық саясаттанушы Ерлан Саиров аталған кадрлық ауыс-түйістерге қатысты өз пікір білдірген болатын. «Кадрларды алмастыру - ол заңды үдеріс. Бұрындары облыс әкімі ретінде өңірлердің адамдарын тағайындайтын. Әсіресе, бұндай үрдіс 2010-ыншы жылдардың бысында байқалған еді. Дегенмен де, биліктің орталық органдарына жұмыс тәжірибесі бар адамдар да керек. Себебі әкімдерге білім беру, экономика салаларындағы көп бағдарламаларды үйлестіру қажет екені белгілі. Қазіргі кезде өңірлерде бизнесті дамыту бойынша бағдарлама жүзеге асырылуда, осы ретте қомақты сомада қаражат бөлінуде. Осындай жағдайда республикалық деңгейде жұмыс тәжірибесі бар қызметкерлер керек шығар», - деп тоқталды ол.

Сонымен қатар саясаттанушы соңғы жылдары Е. Тоғжанов идеологиялық бағытта жұмыс істегенін еске салып өтті. «Негізі Ералы Тоғжанов - ол тәжірибелі менеджер. Ол жұмыс істеген кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясы тиімді органға айналды, яғни ҚХА ұлтаралық қатынастар саласындағы мәселелерді реттеуге қауқарлы. Соңғы 10 жылда бізде бұл салада теріс үрдістер, қоғамдық тәртіпті бұзудың асқынған жағдайлары орын алған жоқ. Маңғыстау өңірі ерекше аймақтардың бірі. (...) Менің ойымша, осы өңірде гуманитарлық салада жұмыс істеп, дипломатиялық қабілеттің мүмкіндіктерін пайдалану керек», - деп түсіндірді Саиров.

Отандық бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та облыс әкімдерін ауыстыру шараларына түсініктеме берді. «Маңғыстаудың әкімінің өзі министрдің бірінші орынбасары болуға сұранды. Кулагин де өзі зейнеткерлікке жасым келді, барлық жерде жұмыс істедім, рахмет деп сұранған соң рұқсатымды бердім. Қарағандының әкімі Әбдібеков өмірден озған Қозыкөрпештің (есеп комитетінің төрағасы Жаңбыршин) орнына келді. Ол жаққа Қарағандының тумасы, тәжірибелі жігіт Қошановты апарып қойдық. Бәрі де жұмыс істейді деп ойлаймыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

Соңғы жаңалықтар