Израилдік компания Қарағандыны «Ақылды қалаға» айналдырмақ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Израиль Мемлекетінің Қазақстан Республикасында және Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаэль Бродскиймен кездесті. Кездесу барысында аймақпен серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Кездесуде, сондай-ақ, ірі израилдік компаниялар MER Group және NETAFIM өкілдері болды. Бизнесмендер облыс қалалары мен ауыл шаруашылығында «ақылды» технологияларды енгізу бойынша қызметтерді ұсынды.

«Қарағанды облысы еліміздің ірі өнеркәсіп аймағы болып табылады. Экономиканың негізгі бөлігін қара және түсті металлургия, тау-кен өнеркәсібі, машина құрылысы құрайды. Облысымызда өндірілетін өнімдер 50-ден астам елге экспортталады», - деді Ерлан Қошанов.

Ол бірінші кезекте смарт-технологиялар саласындағы жаңашылдықтар қызықты екенін атап өтті.

«Сіздер білетіндей, Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бүгінгі таңдағы негізгі кезең «Ақылды қала» концепциясын іске асыру екенін атап өтті, - деді облыс әкімі. - Қарағанды облысында нақты атқарымдар бар. Біз сандық жүйені енгізу үшін 11 бағытты анықтадық. Олар денсаулық сақтау, білім, қауіпсіздік, қаланы басқары және тағы басқалары. Нәтижелер бар, алайда алға қарай, басқа салаларға жылжу керек. Біз осы бағытта израилдік компаниялармен жұмыс жасауға дайынбыз».

Аймақ басшысы жобалар негізінен мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жүйесі бойынша болатынын атап өтті.

«Mer Systems» компаниясының өкілдігі MER Telecom Kazakhstan бас директоры Владислав Беркович әлеуетті серіктестік үшін бағыттарды ұсынды. Оның сөзінше, компания Израиль мен басқа да елдерде «ақылды» көше жарықтары, қорғаныс және ТЖМ салаларында мобильді орталықтар құру, ақпараттық қорғанысты қамтамасыз ету бойынша жобаларды сәтті іске асырған.

NETAFIM израилдік компания тамшылап суару, жылыжай кешендерін салу бойынша өз технологияларын ұсынды.

«Астанада өткен ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі барысында бізде Қарағанды облысының экспорттық жағдайымен танысу мүмкіндігі болды. Біз бүгін серіктестікті дамыту бойынша келісу үшін әдейі келдік. Қарағанды облысының мүмкіндіктері көп. Олар: мықты өнеркәсіп, дамыған инфрақұрылым, географиялық орналасуы, яғни астанаға жақындығы және транзиттік мүмкіндіктер, сонымен қоса халық әлеуеті. Осы басымдықтарды пайдалану керек. Мен біздің келісімге келетінімізге, және де бизнесмендердің өзара пайдалы серіктестікке қол жеткізетіндеріне сенімдімін», - деп қорытындылады кездесуді Михаэль Бродский.

Соңғы жаңалықтар