Итбалықтардан алынған сынамалар Астанаға жіберіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атмосфералық ауаның және судың ластануы итбалықтардың жаппай өлуінің себепші емес. Бұл туралы облыстық экология департаментінің басшысы Абай Сафин мәлім етті, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Экология департаментінің қызметкерлері Форт-Шевченко маңайындағы жағалау алқабында қашықтығы 500 метрдей үш жерден су мен ауаның сынамаларын талдау жасауға алды. Сұрыптау нәтижесінде атмосфералық ауаның және судың нормадан артық болуы анықталмады.

Түпқараған ауданы әкімінің өкімімен құрамында төтенше жағдай бөлімінің, экология департаментінің, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының, аумақтық ветеринария инспекциясының өқілдері бар арнайы комиссия құрылды.

Маңғыстау облысында теңіз фаунасын зерттейтін орталықтың болмауына байланысты аудандық ауыл шаруашылығы мен ветеринария бөлімімен алынған сынамалар Астана қаласындағы Ғылыми-референттік-зерттеу орталығына жолданды.

Каспий теңізінің Форт-Шевченко қаласы аумағында жағалауға шығып қалған итбалықтардың өлекселелері ескіріп кеткен, көпшілігінің терілері бүлінген, денелері тесілген, толықтай немесе жартылай зақымданған, шіріген. Бүгін 26 сәуір күні терісі зақымданбаған бір бас итбалықты Түпқараған аудандық ветеринариялық стансаның ветеринарлары жарып көрген. Жануардың ішкі органдары толықтай шіріп кеткендігі анықталды. Мұндай жағдайдағы өлекселерден диагностикалық зертханаларға жолдауға жарамды сынама алу мүмкін емес.  Бүгін Форт-Шевченкоға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша Каспий теңізінде зерттеу жұмыстарымен айналысатын  Алматыдағы «Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институты» қызметкерлерінің келуі күтілуде. Анықтау жұмыстары әрі қарай осы институттың ғылыми қызметкерлермен бірлесіп жүргізілетін болады.

Коммуналдық мекеме қызметкерлерімен итбалықтардың өлекселерін жинап, арнайы полигонда жоюда.

«Менің ойымша, бұл жануарлар теңіздегі зиянды заттардан өлген жоқ. Мұнда себеп мүлдем басқа. Қазір күн жылынып, Солтүстік Кас-пийдегі мұз еріп жатыр. Итбалықтардың  өліктері мұзда қалып, дауыл болғанда теңіз толқынымен жағалауға лақтырылған. Бірақ олардың өлімінің нақты себебі әлі белгісіз. Табылған итбалықтарда торлардың іздері болуына байланысты оларды браконьерлер ұстап алып, өлтіруі де ықтимал», - деді  «ЭКО Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымның директоры Кирилл Осин.

Түпқараған  ауданының ветеринария станциясы қызметкерлері жағалауда тексеру жұмыстарын жалғастыруда.

 

Соңғы жаңалықтар