Италиялық ЖОО ректоры Батыс Қазақстан университетінің құрметті профессоры атанды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Италияның Неаполь Шығыс университеті өзара қарым-қатынасын нығайта түсетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда білім беру мен академиялық әріптестік саласындағы меморандумға М.Өтемісов атындағы БҚМУ ректоры, профессор Асхат Иманғалиев пен «L'Orientale» Неаполь университетінің ректоры, профессор Эльда Морличчио (Италия) қол қойды.

Бұл келісім  ортақ  бағдарламалар жасақтау мүмкіндіктеріне, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуларына,  өзара біліктілікті арттыруға, ғылыми симпозиумдар мен мәдени шараларды бірлесе ұйымдастыруға жол ашады.

Меморандумға қол қою рәсімі «L'Orientale» Неаполь университетінде Қазақстан Республикасының Римдегі елшілігі қызметкерлерінің қатысуымен өтті.

Салтанатты шара кезінде батысқазақстандық ЖОО басшысы  А.Иманғалиев Неаполь  университетінің ректоры Эльда Морличчиоға «М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құрметті профессоры» куәлігін табыс етті.

Күні бүгін Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті 100-ден астам Еуропа, Азия, АҚШ және Ресей білім беру ұйымдарымен келісімге қол қойып, байланыс жасауда. Мысалы, БҚМУ-да Оңтүстік Кореядан доктор Ли Чжон Хюн екі жыл бойы академиялық ұтқырлық аясында топ-менеджер ретінде көптілділік институтының жетекшісі болып қызмет жасаса,  2018 жылдан Польша елінен Ұлы Казимир университетінің профессоры Анна Банчковска келіп, қызметін бастауда.

Айта кетейік, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті бүгінде 16 халықаралық қауымдастық пен жобалардың серіктесі болып отыр, олардың арасында Еуропа ғылыми қоғамы (Ганновер, Германия), REGENA жоғары оқу орындарының қауымдастығы, Америка заңгерлер қауымдастығы (АҚШ), Erasmus Mundus пен Еуропалық университеттер қауымдастығы (EUA, Бельгия) және тағы басқалар бар.

Соңғы жаңалықтар