Ит біз білмейтін қылмысты сезеді - кинолог

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті жанындағы кинология қызметінде 23 ит пен 6 күшік бар. Бұл салада еңбек ететін инспекторлар құқық қорғау қызметіне өзін ғана емес, итті де дайындап, түрлі сынаққа салуы керек. Осы саланы жетік меңгерген аға инспектор-кинолог Ғабит Жүсіпов «ҚазАқпарат» тілшісіне жұмысының қыр-сырын айтып берді.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментіндегі кинология қызметі қылмыстың алдын алуды жүзеге асырады. Иттердің көмегімен жарылғыш зат, есірткі, қару ізделеді. Яғни, кинолог пен ит бірлесе жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіп пен аса қауіпті аймақта іздеу, тінту жүргізетін иттермен жұмысты жетік меңгерген Ғабит Жүсіпов бұл жануардың тілін ауыл баласы жақсы түсінетінін жеткізді.
null 

«Ауыл баласы итпен қатар жүріп, жүгіріп өседі. Әр үйде ит болады. Кейін әскерге барған соң кинология саласына өзімді бейімдеп, ұзақ жылдық еңбек өтілі бар мамандардан тәжірибе жинадым. Отан алдындағы борышымды өтеп, қайта оралған соң осы саланы жалғастыруды жөн көріп, Алматыда оқыдым, 2011 жылы жұмысқа орналастым. Қызметке орналасқан соң теория мен тәжірибені ұштастырып, адамның досы - иттің тілін үйрендім. Қарапайым итке көп талап қоя алмайсың, ал арнайы иттер адамнан да артық жұмыс істеуі керек. Олар инспекторлардың қорғаны, біз білмейтін заттарды сезіп, тауып алады. Осы қасиетін оятып, дамытып, нақты сынақта, қызметте табысты жұмыс істеуіміз керек. Мен үш ай оқыдым. Сол аралықта үш кезеңді меңгердім. Алғашқыда адам мен ит арасында байланыс орнап, екінші сатыда иттің жұмысы көбейді. Мәселен, оған көлікке мініп-түсу, көлік ішін тінту, сезікті затты табу жүктелді. Біз жануарға бұйрық беруші ғана емеспіз, біз оларға алғашқы медициналық көмек те көрсетеміз»,- деді кинолог Ғабит Жүсіпов.

Кинолог қызметін меңгеруді қалаған адам итпен бірге жаттығады. Сол үш айда ол өзін ғана емес, итті де жұмысқа дайындайды. «Алдымен бельгиялық Филямен жаттығу жүргіздім. Үш ай білім алып, кинология қызметінің қыр-сырын үйренгеніммен, итті жеке үйрету кезінде ойда болдым. Бірақ бұл іс менің қолымнан келді. Қазір Филямен 6 жыл біргеміз. Ол жұмыстағы барлық тапсырманы мүлтіксіз орындайды»,- деді кинолог.
null 

Аға инспектор адал досын, қызметтесін еркелетеді, алдайды. Олар бір-бірінің көңіл күйін сезінеді.

«Итті жақсы көрмесе, жан-дүниесі мен табиғатын түсінбесе, олармен жұмыс істеу қиын. Күшік кезінде олардың мінезін әбден зерттеп алу қажет. Итті осы мамандыққа үйрету - жас баланы тәрбиелеумен бірдей. Итті де алдайсың, еркелетесің, тіпті ұрысып аласың. Күшік кезінде ештеңе білмейді, жаттығулар кезінде олардың ерекше қасиеттері ашылады. Итті күтіп-баптау, тамағын беру де біздің міндетіміз. Жануар қомқорлықты қажет етеді. Итті түсініп, қамқор болсаң, жақсылығыңды ұмытылмайды, еселеп қайтарады. Олардың адамдарға деген адалдығы мен сенімділігінде шек жоқ»,- деді Ғабит Жүсіпов.

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің кинология қызметінде 10-нан астам кинолог бар. Олар үнемі біліктілігін арттырып, арнайы семинарларға қатысып отырады.

 

Соңғы жаңалықтар