Иштван Қоңыр Мандокидың ұлы Қазақстанда қызмет еткісі келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мажарстандық әйгілі қыпшақтанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің жұбайы Оңайша Мандоки Венгриядан Астанаға сапарлап келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде Оңайша Мақсұмқызы түркі халықтарының салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық ділін зерттеп, тың жаңалықтар ашқан танымал ғалым туралы естеліктерімен бөлісті. 

«Қазақстаннан кеткеніме 38 жыл болса да, туған елімдегі маңызды жаңалықтарды, өзгерістерді қалт жіберген емеспін. Былтыр Елбасының «Рухани жаңғыру» атты көлемді мақаласы шықты. Онда айтылған қазақтың ұлттық кодын, тамырын, қанын, әдет-ғұрыпын ұмытпаушылық Қоңырдың да өмірлік ұстанымдары еді. Қоңыр 700 жыл бұрын Еуропаның ортасына барған аталарының - қыпшақтардың тілден айырылғанын, мәдениеттен, әдет-ғұрыптан айырылғанын, ең соңғы қыпшақтың 1800 жылдары қыпшақ тілінде сөйлегенін ашына айтатын. Қазақтарды ең жақын туыс халқымыз деп есептеді, Қазақстанға келіп, ғылыми жұмыспен айналысты. Екеуміз шаңырақ көтерген соң, Будапештке барып, қыпшақтардың ұрпағына қазақшылықты үйрете бастадық. Сондықтан, Қоңыр Мандоки Рухани жаңғыруды Мажарстанда қыпшақтардың арасында бастаса, бүгінде Елбасының қырағы байқампаздығының арқасында сол жаңғыртуға қайтадан жол бастадық», - деді Оңайша Мандоки.
null   

Сондай-ақ, ол Қоңыр Мандокидің қазақ тілін 10 жасында үйрене бастағанын атап өтті.

«Бала Қоңыр қариялардың әңгімесін тыңдап өскен. Мажарша сөйлеп отырған қариялар сөз арасында Қоңырға түсініксіз сөздерді айтып қалса керек. Зерек бала қыпшақ сөзі екенін, өзінің Қыпшақ руынан тарайтынын білген. Осылайша, 10 жасар Қоңыр Қарсақ маңындағы Кеңес одағының әскери базаларында тұратын қазақ, қырғыз, татар ұлтының азаматтарынан тіл үйрене бастады. Оқуын бітірген соң, Қоңыр 1978 жылы өмір бойы армандаған атажұртына - Алматыға келді», -  дейді О. Мандоки.
  null 

Қоңыр Мандоки қазақшаға туыс қарашай, балқар, татар, қырғыз, түрікмен, башқұрт тілдерін жақсы меңгерген және қазақ пен түркі тектес халықтардың басын қосуды армандаған.

«Негізгі Мажарстанда екі аймақ бар - Ұлы Қыпшақ жері және Кіші Қыпшақ жері. Қоңырдың туған жері - Ұлы Қыпшақ аймағы, оның орталығы Қарсақ деген қала. Қоңырдың әкесі бай адам болған, атасы сол аймақтың әкімі болған. Бірақ, 1945 жылдары Совет әскерлері Мажарстанға коммунизм орнатқанда, Қоңырдың аталары қудалауға ұшырады. Өзінің байдың баласы екенін жасырып өскен Қоңыр оқуды үздік бітіріп, Өтвөш Лоранд атындағы Будапешт мемлекеттік университеті филология-философия факультетінің түркология бөлімінде оқыған», - деп өз сөзін толықтырды Оңайша Мандоки.
null 

Оның айтуынша, Қоңыр Мандоки Қазақстанға қоныстануды армандаған.

«Қазақ топырағына келіп қоныстану Қоңырдың ең үлкен арманы еді. Сонымен бірге ол, рухани байлығым кітапханамды Қазақстанға көшіріп әкелсем, өлсем қазақ топырағына жерленсем деп армандады. 1992 жылы Қазақстанға көшеміз деп отырғанда Қоңыр Дағыстанда аяқ асты көз жұмды. Өз өсиеті бойынша қазақ топырағында, Алматы іргесіндегі Кеңсай зиратына жерленді. 16 мың кітабы мен қолжазбаларынан тұратын бай рухани мұрасын 2014 жылы Халықаралық Түркі академиясына табыс еттік», - дейді Оңайша Мандоки.

nullОңайша Мақсұмқызы Мажарстанда Өтвөш Лоранд атындағы Будапешт мемлекеттік университетінде қазақ тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті бойынша сабақ берген. Қазір зейнет жасында Мажарстан Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия халықтары бөлімінде жас дипломаттарға дәріс оқып жүр.

Иштван Қоңыр Мандоки мен Оңайша Мақсұмқызының Атлан есімді ұлы бар. Атлан - қыпшақтардың жауға шапқанда «Аттан» деп шақыратын ұранын білдіреді. Атлан Қазақстанға қызметке келуді жоспарлап отыр.

null«Атлан Оксфордың «Халықаралық қатынастар және бизнес» бөлімінде білім алды. Жақында ғана оқуын аяқтап, Мажарстанның Сыртқы істер министрлігінде жұмысқа орналасты. Шетте өссе де, қазақ тілін өте жақсы меңгерген. Жақында ғана Астанада қазақ тілінен тест тапсырып, орташадан жоғары деген баға алды. Ағылшын, мажар, жапон тілдерінде сөйлейді, бірақ, орыс тілін білмейді. Астанаға қызметке ауысу үшін орыс тілін білу қажет екен. Енді орыс тілін жеделтетілген режімде оқып жатыр. Шамамен биыл, күз айларында Астанаға ауысады», - дейді О. Мақсұмқызы.

Соңғы жаңалықтар