Исекешев мектептердің жаңа жұмыс кестесіне қатысты ақпаратты жоққа шығарды
«Мектептерде сабақтар 7.40-та басталады деген әңгімелерге қатысты көптеген сұрақтар түсуде. Бірден айтайын - бұл ақпарат дұрыс емес», - деп жазды әкім Фейсбукта .
Астанада таңертеңгі жұмысты бастау уақытын дифференциациялау бойынша әкімдіктің жоспары өзге де шаралармен қатар қала көшелерін көлік кептелісінен арылтуға септігін тигізуі тиіс. Бұл туралы Әсет Исекешев «Elorda Aqparat» медиа-ресурсына берген сұхбатында жіті айтып берді.
«Тәжірибе көрсетіп отырғандай, орталық көшелер бойынша ең көп трафик барлығы бір мезгілде балабақшаларға, мектепке, жұмысқа бара жататын 8.00-ден 8.45-ке дейін байқалады. Бұл ағынды азайту үшін жұмыстың басталу уақытын ауыстыру жөнінде Үкімет қаулысын қабылдауды ұсынамыз. Мектептерде сабақтардың басталу уақыты бұрынғыша қалады - таңертеңгі 8-ден бастап. Министрліктер мен өзге де орталық мемлекеттік органдардың жұмыс уақытын - 8.30-ға, ЖОО-лар мен арнайы орта білім мекемелерінің сабақтарын - таңертеңгі 10-ға, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесін сондай-ақ, таңғы 10-ға ауыстыру ұсынылуда. Бұл шаралардың барлығы трафикті дұрыс ұйымдастыруға және көліктердің қала бойынша анағұрлым жайлы қозғалысын қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді», - деп мәлім етті әкім.