Исекешев қайта жөнделген аулалар мен жолдардың сапасын тексерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астананың Сарыарқа ауданында жаңа аула ашылды. Жалпы ауданда 30 үйдің ауласы қайта абаттандырылып, кіреберіс жолдар жөнделді. Қала әкімі Әсет Исекешев атқарылған жұмыстардың сапасын тексеріп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорданың медиа орталығына сілтеме жасап.




«Мемлекет басшысы қала тұрғындарының өмірін жақсартуға, балалар үшін ыңғайлы жағдай жасауға, салауатты өмір салтын қалыптастыру мен жастарды қолдауға бағытталған тапсырмалар жүктеген болатын. Осы орайда биыл астана әкімдігі 370 ауланың құрылысын аяқтады. Оған қоса, 40 қоғамдық кеңістік ашылады, оларда көлік тұрақтары мен тротуарлар, балалар, жастар және спорттық тренажерлар қамтылады», - деді Ә. Исекешев.

Сондай-ақ ағымдағы жылы Сарыарқа ауданының аумағында креативті жобаларды іске асыру аясында тұрғын үйлердің 21 ауласын абаттандыру жоспарлануда.




Қазіргі уақытта Тілендиев, 36 мекен жайы бойынша жұмыстар аяқталды. 600-ден астам отбасы тұратын тұрғын үйде спорттық жаттығу құралдары мен балалар ойын кешенін, футбол алаңын орнату және көлік тұрағын абаттандыру бойынша жұмыстар атқарылды.

Мұндай жұмыстарды 103 аулада іске асыру жоспарлануда. Футбол және баскетбол алаңдары жөндеуден өтіп, жаңартылып, боялды.

Бұдан бөлек, үйлердің аумағын жарықтандыру бойынша жұмыстар атқарылуда.

«Жыл соңына дейін 105 мекен жай бойынша жөндеу жүргізіледі. Ағымдағы жылы 229 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жоспарлануда. Бұл жұмыстар 2017 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде», - делінген таратылған хабарламада. 

Соңғы жаңалықтар