Иранның цитрус өнімдері Сыр өңіріне көптеп әкелінбек

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Иран қой етін Сыр өңірінен сатып алуға дайын екендігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылордада өтіп жатқан «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы аясында Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Дамирчилу Моджтаба импорттайтын қой етінің бір бөлігін Сыр өңірінен сатып алуға дайын екендігін жеткізді.

Қызылорда облысынан бірер жыл көлемінде біріккен кәсіпорын салынады деп жоспарлануда. Биыл Иранға 10 мың бас қозы экспортталған еді. Ал біріккен кәсіпорын іске қосылғаннан кейін ирандықтар Сыр өңірінен тірі малды емес, оны ет күйінде сатып алмақ.

Сондай-ақ, цитрус өнімдерінің 55 пайызы осы Иранда өндіріледі екен. Мұнда жылына жиналатын 2 млн тоннадан аса жеміс-жидектің бір бөлігі Сыр елінің сауда сөрелерінен орын алуы мүмкін деген болжам бар. Бұл ретте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов Иран тарапы жеміс-жидектерімен біздің облысты, жалпы Қазақстанның барлық аймағын қамтамасыз етуге мүдделі екенін мәлімдеді.

Қызылорда облысы мен Иранның бірқатар аймағы экономикалық ынтымақтастықты арттыруға ниетті. Сауда-логистикалық орталықтардың жұмысын ұйымдастыру туралы келісім жасалды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында бірнеше жоба бірлесіп жүзеге асырылады. Бүгінде «Ақтөбе и К» ЖШС «Торем Хошеми» сортын 70 гектарға екті. «Сыр маржаны» серіктестігі де өнімді сортты тестілеуден өткізді.

Биыл Иранға аталған сорттың 60 тоннасы экспортталады. Сонымен қатар 2020 жылға қарай ирандық күріш алқаптарын облыста 5 мың гектарға дейін ұлғайтып, экспорт көлемін 8 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Еске сала кетейік, кеше ІХ «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы жұмысын бастағандығы туралы хабарлаған болатынбыз.  

Соңғы жаңалықтар