Ирандықтар зорлық-зомбылыққа қарсы шығуда - БАҚ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лурестан, Хузестан, Илам, Кум, Керманшах, Гүлстан, Маркази провинцияларында тұрып жатқан ирандықтар соңғы күндері Иранның әр түрлі қалаларында болып жатқан тәртіпсіздіктер мен зорлық-зомбылыққа қарсылық білдіріп көшеге шықты, деп хабарлайды ИРНА.

Агенттіктің мәліметінше, ереуілші топ қолдарына Аятолла Әли Хаменейге қолдау білдіру және зорлыққа қарсылық жайлы ұран ұстап шықты. Сонымен қатар олар иран халқының заңды талаптарын орындау қажет екенін де жеткізген.

Наразылық шерулеріне елдегі экономикалық жағдай, жемқорлық, бағаның көтерілуі және жұмыссыздық себеп болған. Алайда, кейбір оппортунистер осы оқиғаларды теріс ниетте пайдаланып, иран халқының құқықтарын бұзып, қоғамдық меншігіне залал келтіруде, деп жазады агенттік. 

28 желтоқсаннан бері өршіп тұрған Ирандағы көшелеріндегі ереуіл салдарынан 20 шақты адам қаза болған.

Бұған дейін Иран президенті Хасан Рухани қарсылық акцияларының өршіп кетуіне ел ішіндегі мәселелермен қатар  сыртқы күштердің де ықпалы бар екенін айтқан.

Сонымен қатар Рухани экономикалық проблемаларды шешудегі жұмысты белсенді жолға қоятынын айтып уәде берген. «Үкімет жұмыссыздық, экология және инфляция мәселесін шешу жұмыстарына  барынша күш салады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар