Ипотека барынша қолжетімді болады - Жеңіс Қасымбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша атқарылатын жұмыстар туралы есеп берді. Осы орайда ол ипотеканы барынша арзандату мәселесіне де тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, өткен жылы Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы тұрғын үй несиелерін субсидиялау шаралары басталған болатын. «Нұрлы жердің» осы бағыты аясында ипотеканың 6 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. Сонда екінші деңгейлі банктерден алынған ипотеканың жылдық мөлшерлемесі 10 пайыздан аспайды.

«Өткен жылдың екінші жартысында өтініштер қабылдана бастады. Содан бері 1 388 ипотекаға өтінім берілді. Субсидияның жалпы сомасы 14,2 млрд теңгені құрады. Осы уақытқа дейін 1 317 өтінім мақұлданды. Осы орайда Банк ЦентрКредит, Сбербанк, АТФ пен ВТБ-ның белсенділігін атап өткен жөн», - деді Ж.Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Алайда банктер тарапынан аталған бағдарламаға үлкен қызығушулық болған жоқ. Себебі теңгемен құйылған қаржының тапшылығы бар. Бұдан бөлек, банк заңнамасы да қатаң болып тұр.

«Осыған байланысты банктердің ипотекалық несиелендіру шараларын күшейту туралы шешім қабылданды. Сол себепті Экономиканы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссиясы Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы екінші деңгейлі банктерде 50 пайызға дейінгі қаржыны орналастыруды қолдады. Қазіргі кезде аталған механизм бойынша барлық мәселелер Ұлттық банкпен бірге пысықталып жатыр. Биылғы жылдың басты мақсаты - халыққа барынша қолжетімді ипотеканы әзірлеу. Осыған орай, тиісті механизмдер енгізіледі», -деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында Жеңіс Махмұдұлы биыл пайдалануға берілетін арендалық пәтерлердің санын жариялады.

Сондай-ақ, қай облыста жер учаскелерінің көптеп берілетінін де айтып берді.

Соңғы жаңалықтар