Иордания патшайымы: Ислам паранжа киюге мәжбүрлемейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 31 тамыз күні әлемдегі ең ықпалды патшайымдардың бірі және Иорданияның ең сұлу әйелі патшайым Рания Әл-Абдулла 47 жасқа толды. Патшайым Рания сәнді киім киініп, қоғамдық және қайырымдылық жұмыстарға белсене араласуы арқылы ислам араб елдеріндегі әйелдер туралы барлық аңыздардың тас-талқанын шығарды. Әлемнің өзге елдерінің халқы араб әйелдері паранжа киіп, өз елдерінің қоғамдық және саяси өміріне араласуына еш құқығы жоқ деп санайтындығы белгілі.

Ранияның қоғамдық қызметі, оның ішінде әйелдер құқығын қорғауы, киім киюдегі талғамы мен қалауы да әлемдік баспасөздің назарын жиі өзіне аударады. Ол 1970 жылдың 31 тамызында Кувейтте дүниеге келген. Әкесі балалар дәрігері болған. Рания бастапқыда New English School мектебінде, Кейіннен Каирдағы Америкалық университетте іскерлік әкімшілеу бойынша білім алған.

«Мен бизнесті оқып, кәсіпкер болғым келді. Меншікті компания құруды немесе сол сияқты бір дүние жасамақ болды. Жаңа идеяларға құлшынысым мол еді», - деді патшайым рания өз сұхбатында.

Рания Иорданияға 1990 жылдардың басында қоныс аударды. Өйткені, оның ата-анасына кувейт-ирак дағдарысы кезінде Кувейттен қашуға тура келген болатын. Иорданияда Рания Apple компаниясына жұмысқа орналасуға тырысқанымен нәтиже болмады. Осыдан кейін ол Аммандағы Citibank-ке жұмысқа орналасады. Ал бұл банк Иорданияның қазіргі королі Абдалланың апайы мен күйеу баласына тиесілі болатын. Біраз уақыт өткеннен кейін ханшайым Айша мен Рания арасында берік достық орнады. Бірде Айша мен оның күйеуі Зейд Ранияны үйлеріне қонаққа шақырып, сол жерде ол ханзада Абдалла екіншімен таныс болады. Таныстықтарына 6 ай өткеннен кейін, 1993 жылдың 10 маусымында олар шаңырақ көтереді. Ол кезде Абдалла мұрагер ханзада емес еді. Тақ оның ағасы Хасанға тиесілі болатын. Дегенмен бір жылдан кейін сол кездегі ел королі Хусейн бен Талал шешімін өзгертіп, тақты ұлы Абдаллаға мұраға қалдырды. Бүгінде король отбасы 4 баланы тәрбиелеп отыр. Олар тақ мұрагері ханзада Хусейн, ханшайымдар Иман, Сальма және ханзада Хашим.

Бүгінде араб қоғамындағы әйелдер құқығымен күрес, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы реформалар, Иорданияда туризмді дамыту, батыс пен араб әлемі арасындағы мәдени диалогты кеңейту саласында қайырымдылықпен айналысып жүрген Рания алғашқы Jordan River Foundation қорын 1995 жылы құрған болатын. Қазіргі уақытта бұл қор миллиондаған босқынға көмек көрсетуде маңызды рөлге ие. Бүгінде Иорданияға Сириядан 1,4 млн, Палестинадан 1,8 млн, Ирактан жүздеген мың, Йеменнен ондаған мың босқын бас сауғалап келген. Рамазан айында, Құрбан айт мейрамында және жай күндері де Иорданияның қалталы азаматтары Jordan River Foundation қорына қаржы салады. Ал бұл қаржы корольдіктегі аз қамтылған отбасылар мен босқындардың қажеттілігіне жұмсалады.

Дегенмен оның Иордания қоғамындағы айрықша рөлі гендерлік саясат пен әйелдер құқығы саласында екендігі белгілі. Араб елдері арасында бүгінгі Иордания ерлер мен әйелдер құқығын теңестіруде көш ілгері алда келеді. Бұл ретте де Ранияның атқарған рөлі айрықша.
Рания салтанатты шараларда дәстүрлі араб хиджабымен келуі өте сирек. Ол күнемі еуропалық брендтердің түрлі көйлектерін киіп шығуды қалайды.

«Біздің дінімізде (ислам) мәжбүрлеу жоқ. Басқаша айтар болсақ, сіз паранжа киюге міндетті емессіз. Барлығы да қалауыңызға байланысты. Қоғамда мені паранжамен көргісі келетіндер, сонымен қатар оны кимейтіндігімді қалайтындардың да барлығы сөзсіз», - деді патшайым Рания.

Соңғы жаңалықтар