Инвесторлар «Самұрық-Қазынаның» компанияларына қызығып отыр - Серік Жұманғарин

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Қазынаның» активтерін сатудан 3,5-5 млрд АҚШ доллары түседі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серік Жұманғариннің айтуынша, инвесторлар «Самұрық-Қазына» қорына қарасты 47 компанияны сатып алуға мүдделі. Аталған активтер IPO арқылы сатылады.

«Соның ішінде «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөндіріс», «Самұрық-Энерго», «Эйр Астана», «Қазпошта», «Тау-кен Самұрық» және тағы басқа компаниялар бар. Негізі, тиісті шешімдер дұрыс қабылданса, «Самұрық-Қазынаның» активтерін сатудан 3,5-5 млрд АҚШ доллары түседі деген болжам бар. Бұл - өте көп ақша», - деді С.Жұманғарин.

Вице-министрдің айтуынша, сауда-саттықтан түскен ақшаның бәрі Ұлттық қорға аударылатын болатын. Бірақ дәл қазір квазимемлекеттік сектордың кәсіпорындарын сату және одан түскен ақшаны Ұлттық қорға аудару тәртібі әзірленіп жатыр. Үкімет қаулысынан кейін квазимемлекеттік сектордың ақшасы қорға құйыла бастайды.

«Аталған қорды басқару жөніндегі арнайы кеңес бар. Аталған орган ары қарай ақшаны инвестициялау жағын шешеді, құнды қағаздар және тағысын тағы. Негізгі мақсат - Ұлттық қордың ақшасын көбейту», - деп атап көрсетті С.Жұманғарин.

Айта кеткен жөн, осы уақытқа дейін республикалық кәсіпорындарды жекешелендірудің нәтижесінде 367 кәсіпорын сатылды. Одан 164 млрд теңге пайда түсті. Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, ол ақшаның 7 миллиарды Ұлттық қорға аударылды. Қаңтардың аяғында тағы 5 млрд түсуі тиіс. 

Соңғы жаңалықтар