Инвесторлар кондитерлік салаға қаржы құюға неге құлықсыз

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда алғашқы кондитерлер форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандағы 20 шақты өндірушілерді біріктірген Қазақстан кондитерлер қауымдастығының өкілдері аталған салаға шетелдіктер инвестиция салуға неге ынталы еместігін түсіндірді. Мамандардың айтуынша, кондитерлік сала Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосып отыр.

Аталған салада жұмыс істеп отырған әр қызметкер орта есеппен жылына 44 мың АҚШ долларының өнімін өндіреді.  Ал елдегі орташа көрсеткіш 10 мың доллар екенін ескерсек, онда кондитерлік жұмысшының ЖІӨ-ге салатын үлесі орта деңгейден жоғары болып отыр.

Аталған салада 10 мың адам, оған салалас май, қант, сүт өндірісінде 20 мың адам еңбек етіпотырғанын ескерсек, бұл сан ел экономикасына әсер ететіні сөзсіз.

Бүгінде Қазақстанның кондитерлік нарығына инвестиция салушылар қатары сирек. Оған бірнеше себеп бар. Ең алдымен инвесторлар дайын, аяғынан нық тұрған бизнесті жүргізгілері келеді.

«Шетелдік инвесторлар үшін мықты бренді қалыптасқан өндірістер ғана қызықты. Олар фабрика салып жаңадан бастауға ниетті емес. Көбіне қазақстандық компаниялардың өздері барынша инвестиция салып жатыр. Ірі ойыншылар ғана. Ұсақ кәсіпорындар мұнда көп жүре алмайды. Ұсақ цехтер ашылып жатыр. Бірақ олар жергілікті нарықта көбіне бисквит өнімдерін шығарады», - деді қауымдастық президенті Әлихан Талғатбек.

Оның айтуынша, кез-келген адам кондитерлік кәсіпорын аша алмайды. Өйткені тек қана өндірістің бір желісі 2 млн евро тұрады. Сондай-ақ оған қосымша ғимарат, адамдарға жалақы беру керек.

«Ол өндірісті толық жүргізуге 3-5 жыл уақыт кетеді. Сол себепті Қарағанды кәмпиттері, Ақтөбе компанияларының өндірістері тоқтап тұр. «Баян-Сұлу», «Рахат» фабрикалары толық қуатында жұмыс жасап тұрған жоқ», - деді маман.

Отандық кондитерлік өндірушілер нарықта 60 пайызға жұмыс жасап отыр. Өндіріс қуатын іске қосу үшін мемлекет тарапынан протекционистік саясат қажет дейді мамандар.

Өйткені дүкен сөрелерін Ресей мен Украинаның арзан тәттілері жаулап алған.

Соңғы жаңалықтар