Инвестиция - экономикалық тұрақтылық кепілі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанға тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 255 млрд доллардан асады екен. Осы уақыт ішінде еліміз ірі трансұлттық компаниялармен тиімді ынтымақтастық орнатып, әлемге әйгілі біраз алпауыттардың сеніміне кірді. Шындығында шетелдік инвестиция болашағына сенімді, әсіресе бүгінгідей алмағайып заманда келешек көкжиегі мейлінше жарқын жаққа қарай көбірек тартылады. Осының өзі Қазақстандағы реформаларға халықаралық көзқарастың оң екенін білдірсе керек.

Жалпы инвестиция - экономикалық дамудың тірегі. Сондықтан да, Үкімет инвестициялық белсенділікті арттыру арқылы экономикалық өсімнің оң қарқынына ие болу жолдарын мейлінше назарда ұстап келеді. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылдың 9 айында Қазақстанға тікелей инвестицияның жалпы ағыны 27,3%-ға өсіп, 14,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Бұл 2015 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішке қарағанда 3 млрд. долларға артық. Яғни, әлемдік дағдарысқа қарамастан Қазақстан соңғы жылдары экономиканы инвестициялау бойынша оң динамика қарқынын сақтап тұр.

Айта кетерлігі, ендігі кезекте Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандартына сәйкес инвестициялық климатты жетілдіру жұмыстарын жалғастырады. Тоқтала кететін жайт, былтырғы 2016 жылдың қазанында ЭЫДҰ Инвестиция жөніндегі комитеті Ұйымның Кеңесіне Қазақстанды қатысушы ретінде шақыру туралы шешім қабылдаған еді. Бұл да қазақстандық ілгерілеушіліктің бір мысалы. 

«Барлық инвесторлар үшін «Бір терезе» қағидасы енгізіліп, онда 300-ден астам мемлекеттік қызметтер көрсетілуде. Бүгінде бұл үлкен сұранысқа ие болып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 5500-ден астам өтініш келіп түсті және шамамен 8000 мемлекеттік қызмет көрсетілді», - дейді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. Оның айтуына қарағанда, қазіргі күні инвесторларға қолдау көрсететін автоматтандырылған жүйені әзірлеу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар, алдағы уақытта Инвестициялық омбудсмен институты да қызметке кіріседі.

Министрдің сөзінше, Елбасы жүктеген міндеттер аясында инвестиция тарту бойынша жұмыстар жоғарғы деңгейде күшейтілген. Атап айтқанда, басымдыққа ие 10 елде (АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Оңтүстік Корея, Иран, Жапония, Германия, Франция, Қытай, Үндістан) инвестиция тарту бойынша арнайы кеңесшілер белгіленді. Сонымен қатар, «Kaznex Invest» АҚ-ның шетелдерде, нақтырақ айтқанда, АҚШ, Германия, Түркия, БАӘ және Қытайда 5 аймақтық фронт-офисі ашылды. Ал аймақтық деңгейде облыс әкімдерінің басшылығымен Инвестиция тарту жөніндегі кеңес құрылды.

Мемлекет басшысы Жолдау барысында инвестиция тарту жүйесін қайта форматтау бойынша бірқатар міндеттер жүктегені де белгілі. Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрлігі бес негізгі бағытта айқындаған екен.

«Біріншіден, биыл маусым айының соңына дейін инвестиция тарту бойынша Ұлттық стратегия әзірленеді. Онда инвесторлар тарту үшін перспективалы және басымдыққа ие салалар анықталады. Инвестиция тартудың механизмі мен инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша кешенді шаралар жетілдіріледі. Бұл жұмысқа біз Дүниежүзілік банк сарапшыларын шақырдық», - дейді министр Жеңіс Қасымбек.

Екінші міндет - «Kaznex Invest» АҚ базасында Инвестиция жөніндегі «Кazakh Invest» мамандандырылған ұлттық компаниясын құру қарастырылып отыр. Ұлттық компания Үкіметтің атынан мақсатты түрде трансұлттық компаниялармен және ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізеді. Министрлік қайта ұйымдастыру мен ұлттық компания құрудың барлық процедураларын ақпан айының соңына дейін аяқтауды жоспарлайды.

Үшінші міндет - инвестиция тарту саласында мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, ұлттық компаниялардың қызметін үйлестіру бойынша министрліктің жұмысын күшейту көзделеді. Ол инвесторларға ұсынылатын нақты жобалар бойынша бірлескен жұмыстарды қамтымақ. Осыған байланысты, биыл ақпан айының аяғына дейін тиісті салалар мен аймақтарда қаржыландыруды қажет ететін перспективалы жобалар тізімі әзірленеді. Ал биылғы мамыр айының соңына дейін аталған жобалар халықаралық стандарттарға сәйкес рәсімделетін болады.

«Төртіншіден, ірі инвесторлар мен трансұлттық компаниялар тарту бойынша жұмыстарды жалғастырып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы бағыттағы жұмыстар барынша күшейтіледі. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының инвесторлармен жасаған барлық келісімдерді бақылап, оларды жүзеге асыру бойынша нақты мониторинг жасалады. Сонымен қатар, жобалар бойынша жұмыс істейтін мақсатты трансұлттық компаниялар тізімін анықтап, олармен келіссөздер жүргізудің биыл жыл соңына дейінгі кестесі әзірленеді. Сондай-ақ, Қытай жобалары (51 жоба) бойынша жұмысты күшейту керек. Олардың ішіндегі 6 жоба бойынша биыл құрылыс жұмыстары басталады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, басқа да елдермен осыған ұқсас жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, Ресеймен 18 жоба, Иранмен 16 жоба, Франция және Жапония елдерімен 8 жоба, Оңтүстік Корея және Польша елдерімен 7, Италия және АҚШ елдерімен 6 жобадан жасалу үстінде.

«Бесінші маңызды мәселе - инвестициялық ахуалды ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес жақсарту. Бұл жерде мүдделі мемлекеттік органдармен және шетелдік бизнес-қауымдастықтармен ЭЫДҰ (АТП, ЕВРОБАК, АКСИИ және т.б), бірлескен іс-шараларды арттыру қажет. Бұдан бөлек, біз қазір жекешелендіру бағдарламасын ілгерілету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз және Арнайы экономикалық аймақ пен Индустриялық аймақтар қызмет тиімділігін одан әрі арттыру бойынша жұмыстар жалғасады», - дейді Инвестиция және даму министрі.

Шындығында, Қазақстан соңғы жылдары инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында бірқатар кешенді шараларды атқарды. Инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған «Шетелдік мекемелер - орталық - өңірлер» қағидаты бойынша шетелдік инвесторлармен жұмыс істеудің тікелей шоғырландырылған жүйесі құрылды. Өңірлік деңгейде инвесторларды қолдау үшін Инвесторларға қызмет көрсету орталығы желісі ашылды. Мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасында инвесторлар өз ұсыныстарымен тікелей бөлісе алатын диалогтық алаңдар кеңейтілді.

Бұдан бөлек, 11 млн. еуро және одан жоғары инвестиция салып, экономиканың басымдық берілген салаларында жұмыс істейтін инвесторларға жеңілдіктер қарастырылған. Олар корпоративтік және табыс салығынан, 10 жылға дейінгі мерзімге жер салығынан, мүлік салығынан сегіз жылға дейін босатылады. Мұнан бөлек, инвесторлар үшін жобаларды жүзеге асыру кезеңінде және оны іске қосқаннан кейінгі бір жыл барысында қандай да бір квоталарсыз, рұқсаттарсыз шетелдік жұмыс күшін тартуға да рұқсат берілген.

Инвестициялық ахуалды жақсартудың және бір көрінісі жеке инвестициялық сот өндірісін құру. Бұл ретте Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы мен Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің жұмыс істеуі Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына зор үлес қосып отыр. Мәселен, Бүкіләлемдік банктің бизнесті жүргізу және инвестициялық ахуалды жақсарту рейтингісі бойынша Қазақстан былтырғы жылы 190 елдің ішінде 9-орынды иеленген. Дәл осы жайттар Қазақстанды «инвесторлар үшін жұмақ» алаңына айналдырды десек артық айтқандық емес. Айта кетерлігі, мұндай жұмақтар көптеген дамыған елдерде баршылық.

Тіпті әлем елдеріне даму жағынан мейлінше үлгі көрсетіп отырған Сингапурдегі макроэкономикалық тұрақтылықтың бір тірегі - шетелдік инвестиция. Елдің іргесі қаланған алғашқы жылдары-ақ Сингапур сырттан инвестиция тартуға барын салған болатын. Тіпті Сингапурдың негізін қалаушы Ли Куан Ю былай деп еске алғаны бар: «Біз барынша инвесторлардың көңілін табуға тырыстық, олардың асты-үстіне түсіп, тіпті табанын жалағандай болдық». Нәтижесінде Сингапур әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған еліне айналып шыға келді. Инвестицияға қатысты аса қолайлы жағдайлар мен кеңінен мүмкіндіктер жасалғандықтан бүгінде мұнда үш мыңнан астам әлемдік танымал корпорациялардың бөлімшелері жұмыс істейді. Жылына Сингапур экономикасына шет елдерден 10 млрд.-тан астам доллар инвестиция құйылып отырады.

Түйіндей айтсақ, бүгінгі күні болашағына алаңдаған әрбір ел өзіне жұмақ жасаумен шұғылданып жатыр. Сондықтан да инвестиция үшін бәсекелестік арта түседі. Ендеше белді бекем буынған ғана осы бәсекеде топ жара алатыны белгілі. 

Соңғы жаңалықтар