Инновацияны қолдау жаңа индустрияларды қалыптастыратынын әрбір қазақстандық жақсы білуге тиіс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміз өткен желтоқсан айында ғана Тәуелсіздіктің 25 жылдығын зор өрлеу үстінде салтанатты жағдайда атап өткені баршамыздың есімізде. Екі жарым ғасырдан астам уақыт Ресей империясының боданында, оның ішінде 74 жыл Кеңес Одағының құрамында болған қазақ елі үшін «тәуелсіздік» деген сөздің қадір-қасиеті ерекше қымбат, айрықша маңызды.

Ресей империясы біздің жеріміздің байлығын сүлікше сорып, халқымызды қаншама қанды қырғынға ұшыратқаны халық санасынан әлі өшкен жоқ. Ал, коммунистік партия билеп-төстеген Кеңестер Одағы да қарамағындағы бұратана халықтарды аяусыз басып жаншыды. Жеріміздің асты-үсті толы байлықты да орталық иемденді. Біз, қазақтар, тілімізден де, дінімізден де, барлық рухани құндылықтарымыздан да айрылып қала жаздадық. 1991 жылы ел Тәуелсіздігін жариялаған кезде біз кеңестік зауыттардың қирандыларының арасында қалған едік. Бізге кеңес үкіметінен бірде-бір жібі түзу кәсіпорын, не өндіріс орны қалмаған-ды. Ел экономикасы тұралап тұрды. Кәсіпорындар жабылып, миллиондаған адамдар жұмыссыз сандалып кетті.

Тап осындай қоғам мен мемлекет және адам тағ­дыры сынға түскен сәтте Тұңғыш Президентіміз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың дана басшылығы арқасында жас мемлекетіміздің іргетасын қалап қана қоймай, қабырғасын берік етіп тұрғызып, шаңырағын шырқау биік көтеруге жеткізіп сол шаңырақтың ұшар басына мөлдір аспан түстес көгілдір байрағымызды да желбіретіп үлгердік. Ал, тәуелсіздік алғалы арадан өткен 25 жылда біз Елбасы ұсынған «Қазақстан - 2030» стратегиясында белгіленген міндеттерді толық жүзеге асырып, әлемдегі ең дамыған 50 мемлекеттің қатарына ендік. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, өткен 25 жыл ішінде біз әлем картасында болмаған мемлекет - тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрдық. Мемлекеттік шекарамыз халықаралық деңгейде бекітілді.

Ел-мемлекет басқа­рудың Конституциялық негізде жұмыс істейтін тиімді жүйесі құрылды. Сондай-ақ, біз заманауи Қарулы күштер мен құқық қорғау жүйесін иеленіп отырмыз. Халықаралық деңгейде мемле­кетіміздің абырой-беделі күн санап жоғарылап келеді. Тәуелсіздік жылдарында экономикамыз 20 есеге өсті. Біз экономиканың тиімді моделін жасадық. Бізде коммуникацияның, өндірістің, электр қуатын таратудың бірыңғай жүйесі Тәуел­сіздік жылдары қалыптасты.

Бүгінде бір­ың­ғай көлік жүйесін құру ісі де аяқталуға таяу. Қазірдің өзінде 1000 шақырым автомобиль жолы, 3000 шақырымға жуық теміржол төселді. Жүздеген өңдеуші кәсіпорындар салынды. Мәдениет, руханият саласындағы табыстарымыз қаншама. Ширек ғасырда жаңа Елордамыз - Астанамызды салып алдық. Ол қазақ елінің абыройына, символына айналды. Осы жылдың ішінде 1 миллионнан астам отбасы жаңа қоныстарға жайғасты. 1350 жаңа мектеп салынып, 2700-ден астам балабақша және шағын балалар орталықтары ашылды. Барлық өңірлерде 20 Назарбаев зияткерлік мектептері ашылды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 12 мың қазақстандық жастар шетелдерде оқыды. 1300 аурухана мен емханалар салынды.

Ел егемендігінің жиырма бес жылда осындай табыстарға қол жеткізген тәуелсіз Қа­зақстан бүгінде Үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басып отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көш­басшысы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылғы қаң­тар айында жариялаған «Қа­зақстанның үшінші жаңғыруы: жа­һандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын жаңа Жол­дауында мәлімдеді. «Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаң­ғырту жөнінде міндет қойып отырмын, - деді Елбасы осы Жолдауында. - Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете­тін экономикалық өсім­нің жаңа мо­делін құру қажет... Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжі­рибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. Бұл жаңғыру - қазіргі сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан - 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» базасында өткізіледі».

Осылай деген Президент Н.Ә. Назарбаев өз Жолдауында үшінші жаңғырудың негізгі басымдықтарын көрсетіп берді. Оның біріншісі - экономиканың жедел­детілген технологиялық жаңғыртылуы.
IT (ақпараттық технология) саласын дамыту - уақыт талабы болып табылатынын ескертті Елбасы.

Инновацияны қолдау және оларды өн­діріске батыл енгізу жаңа индустрияларды қалыптастыруға бастайтын жол екенін бүгінде әрбір қазақстандық жақсы білуге тиіс.

 

Соңғы жаңалықтар