Инфрақұрылым нысандарына бөлінген қаржы 100 пайыз игеріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Инфрақұрылым нысандары құрылысына бөлінген қаржы 100 пайыз игеріледі. Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты.

Айта кетерлігі, бүгін Сенатта «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы талқыланды. Талқылау барысында сенаторлар миинстрден инфрақұрылым нысандарына бөлінген қаржының жыл соңында толық игерілуіне алаңдаушылық танытқан еді.

«Инфрақұрылымды дамытуға жұмсалатын қаражаттың тізімі бар. Оның барлығы  жобалық-сметалық құжат арқылы бюджетте көзделді. Біз бөлінетін қаражатты толық игеру бойынша барлық министрлікпен, өңірлермен талдау жасадық. Олардың кепілдік хаттарын алдық. Бірақ, біз мұнымен тоқтап қалмай Үкіметтің әрбір отырысында  осы мәселені талқылаудамыз. Арнайы ақпараттық жүйе құрдық. Оған барлық министрліктер мен өңірлер өз ақпараттарын көрсетіп отырады. Апта сайын біз олармен селектор өткізіп, дайындық жұмысын пысықтау арқылы жылдың аяғына дейін 100 пайыз игеруге тырысатын боламыз»,-  деді министр.

Сондай-ақ, талқылау барысында  ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы Замир Сағынов көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінген 161 млрд теңгеден астам қаржының қайда жұмсалатындығын айтты.

«Бұл соманың 80 пайызы автомобиль жолдарына қарастырылған. Атап айтқанда, Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай», Бейнеу-Ақтау жолдарына бөлінген. Мұнан бөлек 8 авиа бағдар субсидиялауға да қаржы қарастырылады», - деп атап өтті ол.

Соңғы жаңалықтар