Индустриаландырудың екпінді жобалары іске қосылды - Апталық шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жалпыұлттық телекөпір өткен болатын. Үкіметтің индустриаландыру бағдарламасы аясында құрылған ірі кәсіпорындар Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасының қатысуымен ашылуы жылдағы дәстүрге айналғалы қашан.

 Тәуелсіздік тұсында құрылған алғашқы қазақстандық өндіріс ошақтары бүгінде ел экономикасына едәуір үлес қосып келеді.

Айта кетерлігі, Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн. теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2016 жылдың 10 айында 179,2 млрд. теңгенің 63 жобасы жүзеге асырылып, 4,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Индустриаландыру бағдарламасын жүзеге асыру басталғаннан бергі аралықта жасалған жобалар бойынша 7,5 трлн. теңге шамасында, оның ішінде 2016 жылдың 10 айында - 1,8 трлн. теңгенің өнімі өндірілді.

Орташа есеппен, Карта жобаларын іске қосу арқылы ай сайын 160 млрд. теңге сомасынан астам өнім өндірілуде.

Сонымен, биылғы шара барысында Индустриаландыру картасы аясында салынған жобалардың тұсауы кесілді. Мемлекет басшысы телекөпір режімінде нысандардағы өндірісті іске қосып, индустриаландыру аясындағы жобалар құрылысының басталуына белгі берді.

Жалпы саны еліміздің барлық өңірлерінен 23 жоба іске қосылып немесе құрылысы басталған болатын. Олардың арасында «Алматы-Қапшағай» және «Астана-Теміртау» автомобиль жолдары, «Екібастұз-Семей-Өскемен» электр желілері, Құрық елді мекенінде паром кешені, Батыс Қазақстан облысында бекіре балығы мен оның уылдырығын өндіретін кешен, Алматы сәнді аяқ киімдер өндірісі іске қосылды. Сонымен қатар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық телекөпір барысында электр қуатымен жүретін отандық көліктің алғашқы партиясынан шыққан автомобильге отырып көрді.

 «Біздің елімізде машина жасау алғаш рет дами бастады. Мен таяу аралықта барша Қазақстан электромобильмен жүргенін армандаймын. Олардың бағасы қолжетімді болады», - деді Назарбаев.

Қазақстан Президенті мұндай көліктерді әсіресе ауасы ластанған Алматы мен Өскемен сынды қалалардың тұрғындары мінгені дұрыс болатындығын баса айтты.

«Егер толықтай электромобильге ауыстырар болсақ, онда біздің ауамыз тазарып, бірнеше есе үнем жасайтын едік. Біз осыған жақындап келеміз. Толықтай алғанда, индустриаландыру жылдары ішінде шамамен 5 трлн. теңгенің мыңнан астам жобасы іске қосылды. Шамамен 100 мың тұрақты жұмыс орны құрылды», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өткеніндей, Қазақстан маңызды міндет ретінде үдемелі индустриаландыру бағытын жүргізе береді.

«Қазақстан маңызды міндет ретінде үдемелі индустриаландыру бағытын жүргізе беретін болады. Бұл -Инвестициялар және даму министрлігінің негізгі жауапты міндеті. Сауда бір министрлікте, инвестициялар екіншісінде болып отыр. Мен өткен жылы бірнеше елде Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінде болдым. Барлық жерде бұл елдердің бизнес капитандарымен кездестім. Ең үздіктерімен», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мәселен, Қазақстан Президентінің атап өтуінше, Вашингтонда құны 10 трлн. долларды құрайтын компаниялардың басшылары кездесуге келген. Ал бұл қаржы АҚШ-тың бүкіл экономикасына пара-пар.

«Олардың барлығы да Қазақстанға қызығушылық танытуда. Біреу әрбір компания артынан жүріп, осында тарту қажет. Дұрыс жұмыс істей алатын елдер солай жасайды. Ал бізде бұл жоқ. Біз мұнымен нақты кім айналысатындығын анықтауға тиіспіз. Қай ведомство? Бізде сөйлесе алатын, тарта алатын мұндай адамдар бар ма? Егер болмаса, онда олардың орнына ақша төлеп, шетелдіктерді қою керек», - деді Назарбаев. 

Сонымен бірге жалпыұлттық телекөпір барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сауданы еліміздің Сыртқы істер министрлігіне беруді ұсынды.

«Біреулер экспортпен айналысуы тиіс. Үкімет сауда қайда, инвестиция қайда болуы керектігін айқындауы тиіс. Мұнымен кім айналысады? Мүмкін Сыртқы істер министрлігі Австралия, Канада және басқа да елдердегідей Сыртқы істер және сауда министрлігі болуы керек шығар. Ал Индустрия министрлігі индустриямен айналысуы қажет қой. Егер инновация болса, онда инновациямен. Әркім өз ісімен айналысуы қажет. Әйтпесе, іс өнбейді. Біз өзіміздің өте маңызды жұмысымызды үзіп алмауға тиіспіз», - деді Елбасы.

Бұл ретте Қазақстан Президенті қаржыландыру мәселесі де аса маңызды екендігіне тоқталды. Халықаралық тәжірибе қаржыландыру болмаған жағдайда барынша мінсіз жасалған стратегияның өзі іс өнбейтіндігін көрсеткендігін баса айтты.

«Біз индустриаландыруды қолдауға бағытталған ресурстарды жыл сайын ұлғайтып отыруға тиіс екендігімізді атап өткен орынды. Мәселен, аграрлық сектор бюджет шығыстарының 4,5 пайыз қолдауын ала отырып ел ІЖӨ-сіне небәрі 5 пайыз береді. Көлік пен коммуникациялар 8,3 пайыз береді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық 6,8 пайыз бюджетті шығындайды. Ал бұл орайда ел ІЖӨ-сінің 16 пайызын беретін өнеркәсіп пен құрылыс бюджет шығыстарының 0,6 пайызына ғана қаржыландырылады», - деді Назарбаев.

Елбасы Қазақстан үшін аграрлық сектор өте маңызды екендігін тағы бір еске салды.

«Біз онымен жұмыс істеуге тиіспіз. Энергетика мен инфрақұрылым да маңызды. Дегенмен, индустриалды даму мемлекеттік бағдарламасын қолдау қажет және ең бастысы, ақшаны қайда жұмсау қажеттігін білу керек», - деді Назарбаев.

Осы ретте Президент ақшамыздың да қазіргі уақытта көп еместігін, дегенмен алдағы күннен үміт бар екендігіне ерекше тоқталды.

«Мен 2017 жылы мыс пен алюминий және қара металл бағасының көтерілетіндігіне және біздің көңіл-күйіміздің жақсаратындығына сенімдімін. Қазір мұнай 54 доллар. Бұл да бізді қанағаттандырады. Яғни, қаржы пайда болған кезде қарқынды даму үшін индустриаландыруға барынша қолданатын боламыз. Тек біздің мамандар қайда жіберу және не істеу керектігін білуі тиіс», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы отандық тауарды экспортқа шығаратын Кавказ, Парсы шығанағы, Қытай және Ресей сынды үлкен нарықтар бар екендігін атап өтті.

«Яғни, бәсекелестік жұмыстар жоқ. Өндірдің бе, барып көз жеткіз және сат. Тіпті Ресей мен Қазақстан облыстарының өңіаралық кездесулерінен де сіздер үкіметті араластырмай-ақ бірлескен  тиімді істер жасай аласыздар. Әкімдер жұмыс істеуі қажет, сіздердің басқа жұмыстарыңыз жоқ. Бәсекеге қабілетті өнім шығару және сол өнімді сатуға көмектесу қажет», - деді Елбасы.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы жедел өзгеріп жатқан мына заманда сандық технологиялар алдыңғы орынға шыққанын атап өтті.

«Жаңа жаһандық технологиялық дәуірдің басталуымен бірге елді белсенді түрде индустриаландыру стратегиялық міндетке айналып отыр. Жалпы, біз жүргізіп отырған саясат әлемдік тәжірибеге сай келеді, оның барысында экономиканың қазіргі жай-күйі де, жаһандық үрдістер де ескерілуде», - деп қорытындылады Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы мемлекеттің пәрменді қолдауына негізделген кең ауқымды индустриаландыру ісі Қазақстанды дамыған елдер қатарына қосуға, кешенді әлеуметтік мәселелерді шешуге, сондай-ақ халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Іс-шара аясында Қазақстан Президенті «Алтын сапа» байқауының арнаулы сыйлықтарын тапсырды. Атап айтқанда, «Үздік индустриалдық жоба» сыйлығы - «Атыраумұнаймаш» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы С.Түгелбаевқа, «Үздік инновациялық жоба» сыйлығы - «Химфарм» АҚ директоры Р.Байғаринге, «Сапа көшбасшысы» сыйлығы -  ERG менеджерлер кеңесінің төрағасы А.Машкевичке берілді, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ да осы номинация бойынша жеңімпаз атанды. «Парыз» байқауының гран-при жүлдесі «Ақсайгазсервис» АҚ президенті Т.Шектебаевқа табыс етілді.

Соңында Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларды алда келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

 

 

Соңғы жаңалықтар