Импорттық өнімдер мен қызмет түрлерінің тізбесі жасалады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысында импорттық өнімдер мен қызмет түрлерінің тізбесі жасалатын болады. Бұл кесте жан-жақты талдаудан өтіп, нақтыланғаннан кейін өңірдегі тауар өндіруші компанияларға таратыладыдеп хабарлайды ҚазАқпарат altaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Өндірістегі жергілікті үлесті арттыру үшін импорттық өнімдер мен қызмет түрлерінің тізбесі жасалмақ. Өңір әкімдігі бұл қадамға өңірлік тауар өндірушілерді қолдау мақсатында барып отыр.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Мүсәпірбеков бұл мәселемен арнайы құрылған комиссия айналысып жатқанын айтты. Комиссия өңірдегі ірі кәсіпорындардың өндірісте тұтынатын материалдары мен қызмет түрлеріне талдау жасаған. Мысалы, Өскемендегі жүйеқұраушы саналатын алты алпауыт кәсіпорын қажет материалдың басым бөлігін әлі де болса сырттан алғызады. Жергілікті құрамның үлесі 30 пайыздың айналасында. Ал сырттан алынатын тауардың біршама бөлігі өзімізде де өндіріледі. Осы мәселемен комиссия мүшелері «Қазцинк», «ҮМЗ», «ТМК», «Арматура зауыты», «Азия-Авто» сынды компанияларға шыққан екен.

«Аталған алты кәсіпорын жылына 206,9 млрд. теңгенің тауары мен қызметін тұтынуда. Бір жұбанарлық жайт, осы кәсіпорындарға көрсетілетін қызметтің 90 пайыздан астамы жергілікті мекемелерге тиесілі», - дейді М.Мүсәпірбеков.

Жергілікті тауар өндірушілердің түйіткілдерін шешіп жүрген бірден-бір ұйым - «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы. Мақсат Мүсәпірбеков осы мекеменің арқасында құқығы тапталып, өндірістегі үлестен қағылған бірнеше өндірушінің мәселесі дер кезінде шешілгенін атады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жергілікті тауар өндірушілер өзінің экспорттық әлеуетін де толықтай пайдалана алмай отырғанын айтады. Бұл әлеует игерілсе, сұраныстың аздығынан толық қуатына ене алмай тұрған «Мэлисса», «Кэмонт» сияқты озық технологияға ие кәсіпорындар өндіріс аясын кеңейтер еді.

«Екі жағымызда екі алып нарық жатыр. Әсіресе, экономикалық одақ аясында Ресей мен Беларусь елдеріне тауар жеткізудің мүмкіндіктері мол. «Атамекен» палатасы осы бағытта да қарқынды жұмыс істеуі керек», - дейді Нұрымбет Сақтағанов.

Ал облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюк өзімізде өндірілетін өнімді сырттан алғызу әдеті кәсіпорындардың арасында тығыз байланыстың жоқтығынан жойылмай тұр деген пікірде.

«Өскемендегі «Кэмонт» компаниясы ұсынып отырған электр қондырғылары сапасы жағынан шетелдік баламаларынан еш кем емес. Сөйте тұра, біздегі алпауыт кәсіпорындар ежелгі серіктестеріне жүгінуін жалғастырып келеді. Жергілікті өнімнің сапасымен қоса бағасы да, тасымалдау және қызмет көрсету құны да арзан. Кәсіпкерлер палатасы да, облыстық басқарма да кәсіпорындардың арасындағы байланыстың нығаюына ұдайы күш салып отыруы керек», - дейді ол В.Головатюк.

Осы мақсатта өңірдегі ірі кәсіпорындар тұтынатын тауарлары мен қызмет түрлерінің кестесі түзілмек. Бұл кесте жан-жақты талдаудан өтіп, нақтыланғаннан кейін өңірдегі тауар өндіруші компанияларға таратылуы тиіс. Тиісінше, шағын және орта бизнес нысандары өз өндірісін сол тізімге ыңғайлап құратын болады.

 

Соңғы жаңалықтар