Импортталып отырған 270 млрд теңгенің тауарын отандық өніммен алмастыруға болады - ҚР ИДМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен қаласында қазақстандық өндірушілердің жаңа бәсекеге қабілетті өнімді игеру және Қазақстан индустриясының ірі компанияларымен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау жөніндегі  мәселелері талқыланды.

Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «NADLoC жергілікті құрамды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Бір алаңда «Атамекен» аймақтық палатасы, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС, Еуропалық қайта құру және даму банкі, KAZMinerals, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС, «Қазмырыш» ЖШС, сонымен қатар облыстағы 30-дан астам отандық кәсіпорын өкілдері жиналды.

Жиын барысында сөз алған «NADLoC» АҚ төрағасының орынбасары Дмитрий Усов 2017 жылғы 3 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында  Елбасы еліміздің әрбір ірі кәсіпорнында жергілікті мазмұнды ұлғайтуды және бизнеспен бірге әрбір ірі кәсіпорын үшін жергілікті мазмұнды арттыру көрсеткіштері бойынша нақты мақсатты индикаторлар белгілеуді   тапсырғанын еске салды. Бұл топқа тау-кен секторының 10 компаниясы мен көмірсутек шикізаты бойынша 13 компания кірді.

«Біз ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары бойынша талдау жасап, 272 млрд теңгенің импортталатын  тұрақты сұранысқа ие тауарларын анықтадық, оның ішінде машина жасау саласында 76 млрд теңге, металлургияда 91 млрд теңге, химия өнеркәсібінде шамамен 65 млрд теңге және 39 млрд теңге басқа салаларда. Бұл біздің 23 ірі компаниямыздың пайдаланатын тұрақты сұраныс өнімдері. Қазір, біздің басты мақсатымыз - бүгінгі күні өндіріліп отырған тауарлардың сатып алынуына қол жеткізу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту»,- деді Д.Усов.

Іс-шара барысында қатысушылар шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған шаралармен таныстырылды.

Еуропалық қайта құру және даму банкі өндірушілерге қаржы институттары арқылы жанама қаржыландыру мен тікелей қаржыландыру немесе іскерлік кеңес арқылы шағын бизнестің өсуі мен дамуына қолдау көрсетпек.

ЕҚДБ өкілінің айтуынша, банк 10 000 еуроға дейін гранттар бөледі,  бұл қаражат өндірушілердің консультациялық жобалары құнының 50% дейін өтейді. Кәсіпорындарды дамыту үшін ақша бөлінеді, мысалы, бизнес-жоспарды, техникалық-экономикалық негіздеме немесе маркетингтік құралдарды әзірлеу үшін банк қайтарымсыз грант береді.

Дөңгелек үстел шеңберінде сындарлы және дәйекті  пікір алмасу болды және отандық өндірушілер мен жүйе құрушы кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.

Жиналыс тақырыбының жалғасы ретінде қатысушылар Өскемендегі отандық тауар өндірушілердің өндірістік нысандарын аралады және «Брисоль» ЖШС және «Еврогидросервис» ЖШС сияқты кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Бүгінгі таңда NADLoC еліміздің төрт өңірінде осындай ұқсас семинарлар ұйымдастырды. Ол - Алматы, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай жұмыстар Қазақстанның өзге аймақтарында да жүргізілетін болады, деп хабарлайды  ҚР ИДМ «NADLoC жергілікті құрамды дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ.

Соңғы жаңалықтар