ІІМ Астанада түрмеден қашқан қылмыскердің фотосын жариялады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Астанадағы тергеу изоляторынан қашып кеткен қылмыскердің фотосын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Бір қабатты ғимаратқа жапсарласа салынған серуендеуге арналған алаңда жүрген қылмыскер шатырға шығып, одан шағын қоршауға секіріп, артынан басты қоршаудан қашып шыққан», - деп хабарлады ҚАЖК баспасөз қызметі.

Астана қалалық Ішкі істер департаменті Криминалдық полициясы таратқан ақпаратқа сәйкес, бүгін сағат 11:00 шамасында ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-тармағы бойынша 5 жылға сотталған Арғымбаев Ерасыл Қайыргелдіұлы (30.12.1982 жылы туған) Астанадағы ЕЦ-166/1 мекемесінен қашып кетті.

"Е.Қ.Арғымбаев Қарағанды облысы Нұра ауданының Киевка ауылында дүниеге келген. Бұған дейін Қылмыстық кодекстің 251-бабы, 1-тармағы (2008 ж.), 120-бабы, 1-тармағы (2012 ж.) және 188-бабы, 2-тармағы бойынша сотталған болатын. Қылмыскердің үстінде көк бушлат, ал басында қара бас киім болды", - делінген ресми xабарламада. 

Астана қалалық Ішкі істер департаменті Криминалдық полициясы қылмыскерді көрген, я болмаса, ұстаған жағдайда 8 (71772) 71-60-10, 53-19-64, 8-701-673-62-68 телефондары бойынша xабарласуды сұрайды. 

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Астананың шығаберісінде көлік кептелісінің басталғаны туралы ақпарат та тарап жатыр. Қолданушылардың сөзіне қарағанда, тәртіп сақшылары әрбір көлікті жіті тексеруде.

Соңғы жаңалықтар