ІІД Ақтөбедегі атыс туралы ақпаратты растаған жоқ

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Кеңкияқ ауылында атыс болды деген ақпарат тексеріліп жатыр. Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі бұл мәліметті растаған жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желі арқылы Ақтөбенің Кенқияқ ауылында полиция қызметкерлері өзара атысты деген ақпарат тарап кеткен болатын. Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ақпарат расталған жоқ.

«Қазіргі күні ақпараттың қайдан шыққаны туралы тексеру жүріп жатыр. Қызметтік тексеру басталды. Оқиғаның мән-жайын қосымша хабарлаймыз»,- деді Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Дегенмен ауыл тұрғындары арасында полиция қызметкерлерінің өзара атысқаны, төбелескені туралы ақпарат ушығып тұр. Тіпті бір полиция қызметкерінің қатты соққы алғаны туралы айтып жатыр.

«Ауыл ішінде хабар тез тарап жатыр. Қопа ауылының учаскелік полиция қызметкері соққыға жығылған екен. Біреулер атысты, біреулер төбелесті деп айтты. Біз өміріміз үшін қорқамыз, ел алаңдап отыр»,- деді аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген ауыл тұрғыны.

Айта кетейік, 2011 жылы Ақтөбе облысы, Шұбарши, Кеңқияқ ауылдарында болған террорлық акттен соң мұндағы полиция қызметкерлерінің саны екі есеге артып, жаңа ғимарат пайдалануға берілген болатын.

Соңғы жаңалықтар