Игорь Лепеха: Қиылыста тұрған полицейге алатаяқты қайтару ұсынысымен келісемін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха қиылыста тұрған полицейлерге алатаяқты қайтарып беру ұсынысымен келісетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін қиылыстарда қозғалысты реттейтін полицейлерге алатаяқты қайтаруға қатысты ұсыныс айтылды. Сондықтан бұл мәселені тағы бір пысықтап шықпақпыз. Өз тарапымнан қиылыста тұрған полицей іс-қимылында алатаяқпен бағдарды көрсету әрекеттері түсініктірек болатынымен келісемін. Сенаттың ұсынысымен бұл мәселені Үкіметте көтермекпіз. Жалпы, көлік жүргізушісін тоқтату үшін алатаяқ керек емес. Негізінен жол қозғалысы ережесін бұзғандарды автокөлікпен жүретін шолғыншылар тоқтатып жүр»,-деді комитет төрағасы Сенатта өткен парламенттік тыңдаудан  кейін тілшілер сауалына жауап беру барысында.

Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылға дейін қолданылып келген полицейлердің алатаяқтары жинақталып, арнайы сақтау үшін қоймаларға жіберілген.

Бұдан бұрын хабарланғанда й, сенатор Серік Ақылбай көше қиылысында қозғалысты реттейтін полицейлерге алатаяқтарды қайтарып беруді ұсынды.

«Жол полицейлері осы алатаяқты ұстамаса да, қиылыста қозғалысты реттейтін қызметкерлерге оны қалдыру керек шығар. Әсіресе, түнгі уақытта бұл алатаяқтар қажет. Мен жүргізуші ретінде осы өзгеріске үйрене алмай жүрмін. Бұл тұрғыда интернет желісінде адамдардың пікірлері көптеп айтылуда»,-деді депутат.

Соңғы жаңалықтар