IELTS-тің жалған сертификатына қатысты іспен ІІД айналысып жатыр - министрлік

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой «Астана» медицина университетінен студенттердің шығарылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған факт анықталды, барлық істер процессуалдық істі жүргізу бойынша ішкі істер департаментіне тапсырылды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, мұндай жалған сертификаттар бойынша тергеу жүргізілуде», - деді ол ҚР Парламент Мәжілісінің отырысынан кейін.

Алексей Цойдың айтуынша, студенттер ЖОО-ға өздері жалған сертификатты тапсырған. Сонымен бірге, анықталып отырғанындай, сертификаттарды тексеру бойынша заңнаманы толықтыру қажеттілігі туындап отыр.

«Қазіргі таңда «Білім туралы» заңда аталған сертификаттарды тексеру бойынша тікелей құзіреттілік жоқ. Олардың барлығында мөр болған, ал ЖОО-да мұндай (тексеру) құзірет жоқ», - деді А.Цой.

Бұған қоса вице-министр оқудан шығарылған студенттер үшін ЖОО-ға есіктің біржолата жабылып қалмағанын - күні ертең ақылы бөлімге ауысу мүмкіндігі барын айтты.

Еске сала кетсек, «Астана» медицина университетінде дау туып, магистратура, резидентура және докторантураға түсу үшін IELTS сертификатын сатып алған 100-ден астам студент оқудан шығарылған болатын.

Көп уақыт өтпей ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Астана медицина университетіндегі дауға қатысты пікір білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар