Ибрагим Ескендір 30 желтоқсан күні кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегін өткізеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың ән әлемінде «Көк тудың желбірегені» әнімен танылған Ибрагим Ескендір 30 желтоқсан күні кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Бұл туралы ол ҚазАқпарат тілшісіне берген шағын сұхбатында айтып өтті.

- Ибрагим, сізді 30 желтоқсан күні кәсіпқой бокстағы екінші айқасын өткізеді деп естідік.


- Иә, сәтін салса, екінші рет рингке шығуға дайындықты бастап кеттім.

- Ол жекпе-жек қайда өтеді? Қарсыласыңыз кім?

- Өздеріңіз білесіздер, 30 желтоқсан күні Алматыда қазақстандық кәсіпқой боксшы қарындасымыз Фируза Шәріпова кезекті айқасын өткізеді. Міне, осы бокс кеші аясында мен де өнер көрсететін болдым. Бірақ, әзірге қарсыласымның нақты кім болатыны белгісіз. Бұйырса, алдағы аптада белгілі болып қалады.

- Бірінші жекпе-жегіңіз туралы айта кетсеңіз?

- Алғашқы айқасымды Ресей астанасы Мәскеу төрінде өткіздім. Алланың қуатымен жеңіске жеттім.

- Өзіңіз де сол кезде жеңіске деген сенім басым болды ма, әлде қобалжу басым болды ма?

- Рингке шыққанға дейін қобалжу болды. Тіпті, салмақ жоғалтып алдым десем де болады. Бірақ, «Көк тудың желбірегені» әнін әуелете қойып тастап, шаршы алаңға беттегенде рухтанып кеттім. Алғашқы үрейімнің барлығы ұмыт болды. Қарсыласыма қалай аш қасқырдай ұмтылғанымды да білмей қалдым. Қазақтың қаны, қазақтың жаны ерлік пен жігерге толы екенін сондайда сезінеді екенсің...

- Жеңістен кейінгі әсеріңізбен бөлісе аласыз ба?

- Бойымды бір алапат күш кернеп тұрды. Өзімді қазақ деген батыр елдің баласы екенімді сезіндім.

- Енді алдағы уақытта ринг пен сахнаның қайсысын жаныңызға жақынырақ ұстайсыз?

- Бокстан бір атақ алып кету ойым бар. Ал сахна ол мен үшін мәңгілік.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар