Хоккей: «Слованмен» ойында Найджел Доус хет-триктің авторы атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін Астананың «Барысы» бүгін өз айдынында Братиславаның «Слован» командасын қабылдап, 4:0 есебімен тізе бүктірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, «Слован» Батыс конференциясында соңғы орындарда келе жатқан командалардың бірі болғанымен, ойын тізгінін оңайлықпен бермейтіндігін танытты. Алдымен 3-минутта қонақтардан Ник Эберт есеп ашты. Іле-шала ҚХЛ-дың қазан айындағы үздік шабуылшысы болып танылған «Барыстың» капитаны Найджел Доус биылғы біріншіліктегі 26-ыншы голын соғып, таразы басын теңестірді. Алайда 10-минутта Андрей Штястны словакиялық клубты қайта алға шығарды. Бұдан кейін «Барыстың» алғашқы бестігінен Линден Вей мен Даррен Диц тәртіп бұзып, айдыннан қуылғанымен, қонақтар есепті ұлғайта алмады.

Екінші кезеңде Н.Эберт айдыннан қуылған кезде 27-минутта «Барыстың» үздік ойыншыларының бірі Л.Вей мергендік танытып, есепті қайта теңестірді. Сәлден соң Талғат Жайлауовтың соққан шайбасын төрешілер бейнеқайталаудан кейін есептемей тастады. «Слованның» қос бірдей ойыншысы айдыннан қуылған мезетте айқын басымдылыққа ие болған айдын иелері мұны пайдалана алмады. Дегенмен 40-минутта қорғаушы Роман Старченко қонақтардың қақпасына үшінші голды енгізді.

Матчтың соңғы бөлігінде 43-минутта сан басымдылығын пайдаланған Н.Доус есепті 4:2-ге жеткізді. Бір минут өтпей жатып Найджел Доус өзінің осы чемпионаттағы 28-інші, матчтағы үшінші голын соқты.

Осылайша, бұл кездесуден кейін 52 ұпай жинаған Евгений Корешковтың шәкірттері ҚХЛ-дың жалпы кестесінде бесінші, Шығыс конференциясында көш бастаған Қазанның «Ақ Барыс» (56 ұпай) командасынан кейін екінші орынға көтерілді.

«Барыс» келесі ойынын 3 қараша күні «Витязь» (Мәскеу облысы) командасымен өткізеді. Бүгін ҚХЛ-дың азулы клубтарының бірі «Авангардты» (Омбы) буллит сериясында ұтып кеткен «Витязь» осал емес. Сондықтан оған да тастүйін дайындықпен шығу қажет.

Айта кетейік, ҚХЛ-дың мергендер көшінде Н.Доус 28 голмен жекедара алда келеді. Екінші орындағы ЦСКА (Санкт-Петербор) клубының шабуылшысы Илья Ковальчуктың еншісінде 20 шайба бар. Гол мен нәтижелі пасты есептегенде, Н.Доустың есебінде 38 (28+10), «Барыстың» тағы бір ойыншысы Линден Вейде 37 (8+29), И.Ковальчукта 36 ұпай бар.

Соңғы жаңалықтар