Хоккей: «Барыс» жетінші мәрте қатарынан жеңіліс тапты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті кездесуінде Астананың «Барысы» өз айдынында «Металлург» (Магнитогоск) командасын қабылдап, 3:4 есебімен ұтылып қалды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Осының алдында алты мәрте қатарынан жеңіліс тапқан астаналықтар бұл ойында алғашқы болып есеп ашты. Команданың белді шабуылшыларының бірі Линден Вей Найджел Доус пен Роман Савченконың көмегімен бірінші минутта-ақ мергендік көрсетіп, жеңістен үміттендіргендей еді. Алайда 7-минутта Денис Казионов таразы басын теңестірсе, 17-минутта Денис Кокарев «Металлургті» алға шығарды.

Екінші кезеңде қонақтар (Владислав Калетник пен Д.Казионов) бір минуттың ішінде екі гол соғып, есепті 4:1-ге жеткізді. Бұдан кейін «Барыстың» бас бапкері Евгений Корешков швециялық қақпашы Хенрик Карлссонның орнына Сергей Кудрявцевті шығарды.

Ойынның соңғы бөлігінде астаналықтар намысқа тырысып, шабуылдап бақты. Бұл өз жемісін берді. Бір минуттың ішінде Артем Лихотников пен Талғат Жайлауов мергендік танытып, есепті 3:4-ке дейін қысқартты. Бұдан әріге «Барыстың» шамасы жетпеді.

Осылайша, астаналықтар қатарынан жетінші мәрте қарсыластарына есе жіберді.

Айта кетейік, Шығыс конференциясында  алтыншы сатыға сырғыған «Барыс» 5 желтоқсан күні сегізінші орында келе жатқан «Трактор» (Челябі) командасын қабылдайды. Бұл матчтың да тартысты өтері анық.

Соңғы жаңалықтар