Хоккей: «Барыс» тағы да ірі есеппен жеңіске жетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Подольскіде жергілікті «Витязь» командасымен өткізіп, 5:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«ҚХЛ» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, бірінші кезеңде 14-минутта айдын иелері (Александр Панков) алдымен есеп ашты.
Екінші кезеңде сан басымдылығын сәтті пайдаланған «Барыстың» капитаны Найджел Доус канадалықтар Мэттьюн Фрэттин мен Линден Вейдің көмегімен таразы басын теңестірді. Әйтсе де көп ұзамай дөрекі ойнаған «Барыстың» қорғаушысы Александр Липин матч соңына дейін айдыннан қуылды.

«Витязь» командасы бес минут бойы сан басымдылығына ие болып, астаналықтар үшін қиын сәттер туды. Дегенмен қонақтар швециялық қақпашы Хенрик Карлссонмен бірге сәтті қорғана білді. Оған қоса үш минутқа жетер-жетпесте айдын иелері де (Дмитрий Семин) тәртіп бұзып, ойыншылар саны теңесті. Екінші кезең барысында қонақтардың қарқыны күшті екенін байқаған «Витязьдің» бас бапкері Валерий Белов үзіліс алып, шәкірттеріне кеңесін беріп көрді. Алайда оларға бұл да көмектеспеді. Екінші кезең бітуге небәрі үш секунд қалғанда Максим Семеновтан пас алған Никита Михайлис шайбаны қақпаға дәл бағыттап, өз командасын алға шығарды.

Үшінші кезеңде «Витязьдің» қорғаушысы Евгений Катичев дөрекілігі үшін екі минутқа айдыннан қуылды. Елордалықтар жарты минутқа жеткізбей, бұл мүмкіндікті де керемет пайдаланып, Кевин Даллмэн мен Линден Вейдің пасынан кейін канадалық қорғаушы Даррен Диц есепті 3:1-ге жеткізіп, биылғы маусымдағы бесінші голын соқты. Бұдан кейін айдын иелері сан басымдылығына ие болғанымен, елордалықтар жақсы қорғана алды. Есесіне «Барыс» ойыншылары мұндай мүмкіндікті мүлт жібермей, Н.Доустың пасынан кейін Л.Вей төртінші голдың авторы атанды. Көп ұзамай қарымта шабуыл кезінде Л.Вейдің пасынан соң Н.Доус биылғы біріншіліктегі 12-інші голын соқты.

Мұның алдында Ригада «Динамоны» 6:0 есебімен тізе бүктірген «Барыс» бұл жолы да ірі ұтысқа қол жеткізді. Сөйтіп елордалықтар сырт айдындағы төрт матчының үшеуін жеңіспен аяқтады.

Осы турдан кейін 19 ұпай жинаған астаналықтар Шығыс конференциясында бұрынғыша көш бастап келеді. Қазақстандық маман Евгений Корешковтың шәкірттері келесі кездесуін 15 қыркүйек күні Астанада «Сибирь» (Новосібір) командасымен өткізеді.

Соңғы жаңалықтар