Хоккей: «Барыс» «Сибирьден» үшінші рет ұтылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынында Астананың «Барысы» Новосібірде жергілікті «Сибирь» командасымен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Тартысты өткен матч барысында бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңде айдын иелері қарқынды үдетіп, оңтайлы сәттерді құр жіберген жоқ. 32-минутта «Барыс» ойыншысы қақпаға жекедара шыққан «Сибирьдің» хоккейшісін шалып құлатып, төрешілер буллит белгіледі. Новосібірлік Степан Санников Хенрик Карлссон қорғаған қақпадан саңылау таба білді. Ал астаналықтар пас беру, қорғану мен шабуылдау кезінде қателікке жиі бой алдырды. Басқа тәртіп бұзу бұлай тұрсын, 39-минутта ойыншылар алмастыру кезінде жинақылық жетіспеді. Мұны қалт жібермеген айдын иелері (Игорь Левицкий) екінші кезең аяқталуға 23 секунд қалғанда, есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл кезеңде «Барыстан» Талғат Жайлауов та, Роман Старченко да қақпаға жекедара шыққанмен, Алексей Красиковтан айласын асыра алмады. Команданы алға сүйрейді деген Найджел Доус, Линден Вейлер де білгенінен жаңылғандай көрінді.

Үшінші, шешуші кезеңде «Сибирьден» Сергей Коньков айдыннан қуылған ұрымтал сәтті де «Барыс» пайдалана алған жоқ. Көп ұзамай «Барыстан» Максим Семенов айып орындығына отырды. Ол айдынға оралуға тоғыз секунд қалғанда, Николай Демидов тағы бір шайбаны соғып кетті. Бұдан кейін Йонас Энлунд есепті 4:0-ге жеткізді.

Осылайша, чемпионатта екі рет қатарынан ұтылған «Барыс» жағдайын біршама қиындатып алды. ҚХЛ-дағы он күнге созылған үзілістен соң елордалықтар өз ойынынан жаңылып қалғандай. Мұның алдында 15 қарашада «Барыстың» өз айдынында «Авангардтан» (Омбы) буллит сериясында ұтылып қалғаны белгілі. Қазіргі кезде Евгений Корешковтың шәкірттері 58 ұпаймен ҚХЛ-дың Шығыс конференциясында төртінші орынға түсіп қалды.

Астаналықтар 22 қараша күні Новосібірде «Сибирьмен» тағы бір рет кездеседі.

Еске сала кетейік, «Барыс» бұдан бұрын 15 және 17 қыркүйек күндері өз айдынында дәл осы клубқа (1:3, 0:4) екі мәрте есе жіберген болатын.

Фото hcbarys.kz

Соңғы жаңалықтар