Хоккей: «Барыс» өз айдынында «Ладаны» тізе бүктірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Астананың «Барысы» өз айдынында Тольяттидің «Лада» командасымен өткізіп, 4:3 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Бұл кездесудің барысында жұдырықтасу да орын алып, барынша тартысты өтті. Бірінші минутта-ақ көптен қанжығасы майланбаған «Барыстың» капитаны Найджел Доус есеп ашты.

Ойынның екінші кезеңінде «Лада» да қарап қалмай, Александр Стрельцов таразы басын теңестірді. Дегенмен көп ұзамай Максим Семенов айдын иелерін қайта алға шығарды.

Үшінші, шешуші кезеңде тольяттилік Владимир Журавлев есепті қайта теңестірді. Сосын Роман Старченконың голына «Лададан» Кирилл Капустин жауап берді. Ақыры 57-минутта Н.Доус жеңіс голын соқты.

Осының алдында астаналықтар Екатеринбургте күтпеген жерден жергілікті «Автомобилистің» алдын орап кеткен болатын. Одан бұрын тоғыз матч қатарынан ұтылған «Барыс» командасы енді қанша ұмтылып бақса да, Шығыс конференциясында плей-офф бәсекелеріне қатысуға мүмкіндік беретін үздік сегіз команданың қатарына қосыла алмайды.

Айта кетейік, қазіргі кезде 70 ұпаймен Шығыс конференциясында оныншы орында келе жатқан Ғалым Мәмбетәлиевтің шәкірттері 23 қаңтар күні өз айдынында сол «Автомобилист» командасын қабылдайды.

 

Соңғы жаңалықтар